Қоғам

Оразадағы талаптар

Ертең ақшам намазынан кейін мұсылман қауымы ниеттеніп, 2-ші сәуірден бастап ораза ұстайды. Бір ай бойы ағайын ас-судан тыйылып, бойын жамандық атаулыдан алыс ұстап, жақсылық жасауға асығады. Осылайша, асыл дініміздегі 5 парыздың үшіншісін орындайды.

Хамзат Әділбеков, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Сонымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айданда қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай.

Биыл Қадір түні сәуірдің 27-сінен 28-іне қараған түні деп бекітілді. Ал оразаның соңғы күні – 1-ші мамыр. Пітір садақаның биылғы мөлшері 500 теңгені құрап отыр. Бұл – еліміздегі 2 келі ұнның орташа бағасы.

Хамзат Әділбеков, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Пітір садақа басқа да өнімдердің түрлерімен де беріледі. Құрма мен мейізбен де беруге болады. Бірақ, тұрмыс-тіршілікке қажетті ең алдымен ұн болғаннан кейін, осы ұнмен баға бекітілді.

Брифинг барысында дін өкілдері келіп түскен сұрақтарға да жауап берді. Ауыз бекітуге ниетті азаматтар “Ораза қандай жағдайда бұзылмайды?” деген сұрақты жиі қойды.

Тойбазар Айтуған, облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы:

– Ауыз бекіткенін ұмытып кетіп, жеп-ішіп қойса, ораза бұзылмайды. Құлаққа су кіру, шаң-тозаң мен жаңбыр тамшылары ауызға байқаусызда кірсе, ораза бұзылмайды. Қан алу мен сүлік сорғызу, тіс жұлдырту да оразаны бұзбайды. Көзге-құлаққа дәрі тамызу да оразаны бұзбайды.

Темекі шеккен, насыбай атқан және құрамында нәрлі заттары бар сұйықтықты ине арқылы қабылдау да ауыз бекіту ережесіне қайшы. Бұл қағидаларды ескермеген адам 60 күн бойы үздіксіз ораза ұстауға немесе 60 кедей адамды тамақтандыруға міндеттеледі.

Алдияр Айтпаев