МТРА жаңалықтары

Жетім көрсең, жебей жүр

Мерекелік бағдарлама шымылдығын өнер иелері бимен ашты. Ортада актерлер мен отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері Қара жорғаның ырғағына сай қимылдар жасап, би билеуде. Жастардың өнерін Наурыз мейрамының басты кейіпкері – Қыдыр ата тамашалап тұр.

Кейін кезек ұлттық ойындарға да келді. Балалар екі топқа бөлініп, арқан тартыс сайысында күш сынасты. Күрес те ұйымдастырылды. Бірақ, көпшілік алдында қос палуанның рөлін бір ғана актер сомдады. Артынша ән-жырдан шашу шашылды. Осылайша, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының өкілдері балалар ауылын мереке ордасына айналдырды.

Бұл іс-шара Алексей Казаковқа барлық қырынан ұнауда. Жеткіншек билеп те, асыр салып ойнап та жүр.

Алексей Казаков, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

– Наурыз құтты болсын! Маған мерекелеу сәті ұнап жатыр. Би билеп, ұлттық ойындар ойнаудамыз. Бізге келіп, мерекелік көңіл-күй сыйлап жатқан жандарға алғысымды білдіремін.

Ал Алина Шамоваға театр ұжымы ұсынған ұлттық билер ұнаған екен.

Алина Шамова, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

– Маған бұл мереке өте қатты ұнайды. Біз жыл сайын мейрам қарсаңында концерт ұйымдастырып, ән-би әзірлейміз. Түрлі ұлттық тағамдардан да дәм татамыз. Бүгінгі концерттік бағдарлама көңілімнен шықты.

Театр ұжымының концерттік бағдарламасынан кейін актерлерге алғыс ретінде ұл-қыздар өз өнерлерін ортаға салды. Олар Қара жорғаны билеп берді.

Қазіргі таңда отбасылық үлгідегі балалар ауылында 40 бала бар екен. Бүгінгі мерекелік жиын барысында олардың бірде-бірі назарсыз қалмады.

Дүйсехан Қасым, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Қайырымдылық шарасы – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жылда өткізетін дәстүрлерінің бірі. Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне бардық. Осы жылы балалар үйін таңдадық. Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз бар. Наурыз – бұл отбасылық мереке. Сол себепті, балалар жылу сезінсін деген ниетпен бастарын сипап, көңілдерін көтеруге келдік.

Театр ұжымы мұндай мерекелік іс-шараларды алдағы уақытта өнер ордасының қабырғасында жалғастырмақ.

Алдияр Айтпаев