Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Мағжан, Ғабит пен Сәбиттің, ақындар мен жыраулардың, батырлар мен серілердің алтын құрсақты құт бесігіне қош келдіңіздер! Осынау іс-шараға арнайы келген қонақтарымызға жерлестер атынан алғысымды білдіремін. Биылғы жылы халқымыздың мақтан тұтар тарихи тұлғаларының мерейтойы өтетіндігі бәрімізге үлкен қуаныш.
Жиынға қатысушыларды Ғани Сақтағанұлы құрметпен қарсы алғаннан кейін қонақтарға сөз кезегі берілді. Алғашқылардың бірі болып Жүрсін Ерман ортаға шықты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері қазақ әдебиетінің нар тұлғалары саналатын Ғабит Мүсірепов пен Сафуан Шаймерденовтың көзін көрген. Ал жалынды жырларымен жұртшылыққа танылған Кәкімбек Салықовпен, тіпті, аралас-құралас болған екен.
Жүрсін Ерман, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Үш алыппен де таныс болдым. Ол кісілерді алыстан көргеннің өзінде қуанатынбыз. Себебі, олар әдебиеттің бойтұмарлары ретінде көрінетін. Кешегі “Оянған өлке”, «Ұлпан», «Кездеспей кеткен бір бейне» кітаптарын басымызда, жастығымыздын астында сақтап өскен бала едік. Сафуан ағамызды қатты жақсы көріп, сыйладық. Қаһарман адам болды. Шығармаларын тамсана оқығанбыз. Кәкімбек Салықовпен етене араластық.
Жиында Ақберен Елгезек те төбе көрсетті. Мерейтой иелері жайлы сөз қозғағаннан кейін ақын іргедегі Ресей елінің көршілес облыстарынан делегация шақыртып, Қызылжар төрінде достық әдеби форум өткізуді ұсынды.
Жиын барысында 4 бірдей жаңа еңбектің тұсауы кесілді. Аманжол Зағыпардың «Тағдырымның тамшылары», Нұргүл Оқашеваның «Нұр», Сағындық Сәбитұлының «Дөңдегі ауыл» және Қызылжар ақындар антологиясы кітабы жарық көрді.
«Ұлтын сүйген ұлылар» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясына Кәкімбек Салықовтың қызы Майра Салықова мен Сафуан Шаймерденовтың ұлы Сайын Шаймерденов қатысты.
Сайын Шаймерден, Сафуан Шаймерденовтың ұлы:
– Қазақта «Өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деген сөз бар. Ғабең бар, Кәкімбек аға бар, солардың ішінде менің әкем де бар. Сол кісілердің аруағын тірілтіп, осындай шара ұйымдастырып жатқан облысқа ризашылығымды білдіремін. Жыл бойы ұлыларға арналып жеке-жеке шаралар жалғасса, ол құба-құп.
Шара соңында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жергілікті ақындар Аманжол Зағыпар, Күләйхан Рахмет пен Нұргүл Оқашеваға Жазушылар одағына қабылдау жөнінде кәулік табыстады.
Алдияр Айтпаев