Рауза Қашенова жарты ғасырға жуық өмірін музыка саласына арнаған. Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, білімді ұл-қыздарды өсірді. Қазіргі күні сол жандар облыстың ғана емес, ел атынан өнер көрсетіп, Қазақстанды халықаралық деңгейде әлемге танытуда. Өткен жылдың өзінде жергілікті жастар Германия мен Грузия мемлекеттерінде өткен жарысқа қатысып жүлделі орын иеленген. Талант иелеріне тәнті болған шетелдік мамандар өнерпаздардың ұстазын ерен еңбегі үшін марапаттауға шақырыпты. Әлемге әйгілі Оксфорд университетінің атынан диплом мен орден табыстау жөнінде хат жолдаған.
Пандемияға байланысты салтанатты марапаттау рәсімі былтыр желтоқсан айында ZOOM платформасы арқылы өткен екен. Оксфорд университеті ұйымдастырған онлайн іс-шараға Рауза Қашеновадан бөлек, басқа да шетелдік тәлімгерлер қатысқан.
Рауза Қашенова, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі-өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің директоры:
– 17-ші желтоқсанда Оксфорд университетінің атынан түрлі дәрежедегі марапаттар үлестірілді. Қошеметке бөленгендердің қатарында мен де болдым. Маған шетелдік жоғары оқу орнының өкілдері «Оксфорд академиялық одағының профессоры» атағы мен соған тиесілі орденін берді. Шара барысында ұзақ жылдар бойы мәдениет саласына қосқан үлесім үшін диплом да табыстады.
Бұл жай ғана марапат емес. Жоғары дәрежедегі диплом иесі бұдан былай Оксфорд университетінде ұйымдастырылатын кез келген іс-шараға қатысып, сондағы педагогтармен тәжірибе алмаса алады. Бұл, әрине, жергілікті оқушылар мен студенттердің білімін одан әрі жетілдіруге жол ашпақ.
Бердимурат Баймухан