Ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қасіретті қаңтар оқиғасына тоқталып, тәуелсіздігімізді одан әрі сақтап қалу үшін бірлігімізді жоғалтпау қажет екендігін айтты. Яғни, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ету керек. Сонда ғана еліміз дамып, ісіміз алға басады. Мемлекет басшысы өзінің партия төрағалығынан кететіндігін жеткізді. Өңір әкімдері де филиал төрағалығына сайланбауы тиіс. Тіпті, оны заң жүзінде жүзеге асырмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев тағы Парламенттің рөлін арттыруға тиіспіз деді. Сонда ғана халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп азайтып, Парламенттің рөлін күшейтуіміз керек. Сол арқылы мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сеніміне ие болған депутаттарға жоғарғы сенім жүктеледі. Олар мемлекетті өркендету ісіне ат салысуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзгерістерді әркім өзінен бастауы керектігін айтып, алдағы уақытта билікте президенттің туысқандары болмауы тиістігін ескертті. Мемлекет басшысы тағайындайтын Сенат депутаттарының саны да 15-тен 10 адамға қысқартылмақ. Оның өзінің 5-уін Ассамблея өкілдері ұсынады. Келешекте Мәжіліс депутаттары заңды қабылдауға құқылы. Ал Жоғарғы палатадағылар оны мақұлдау немесе мақұлдамау туралы ғана шешім қабылдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың да рөлін арттыру қажеттігін қадап айтты. Сонымен қатар, сайлау жүйесі де жетілдірілмек. Өйткені, бүгіндері тұрғындар аталған науқанға сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан, оның жаңа үлгісі – аралас сайлау енгізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сайлаудың осы түріне көшу біз үшін өте маңызды. Жаңа үлгі көзқарасы әр түрлі жандардың Мәжіліске келуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ, аудандар мен облыстардағы сайлауларды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсанамын. Бұл жүйе бәсекелестікті туғызады. Депутаттардың сайлаушылардың алдындағы мәртебесін өсіреді. Енді тек сайлау алдында уәде беріп жұмысын істемейтін депутаттың мандатын қайтарып алуға болады. Бұл жүйе адамдардың сайлауға сенімін арттыратындығына сенемін.
Өз Жолдауында Мемлекет басшысы БАҚ саласына қатысты заңды қайта қарау қажеттігін де айтып өтті. Тағы қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу үшін Ұлттық құрылтай құру идеясын көтерді. Жиында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы да сөз қозғалды. Сөйтіп, Қазақстанда жаңа 3 облыс құрылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады.
Тағы Алматы облысының аумағында тағы бір жаңа өңір құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағай, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болады. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық округ әкімдері өзін-өзі басқару жүйесіне көшсе де әлі күнге дейін тек облыстық бюджетке қарап отыратындығын айтты. Яғни, бұл өзін-өзі басқару емес, оның имитациясы ғана. Аталған мәселе де алдағы уақытта шешімін таппақ. Жалпы, Жолдауда айтылған жаңашылдықтарға сай, Конституцияға 30 өзгеріс енгізіліп, жыл соңына дейін жаңа 20 заң қабылданбақ.
Магжан Ахмадина