Бұл кадрлар 2017 жылы түсірілген. Облыста тура 5 жыл бұрын төтенше жағдай жарияланып, 380 үйге су кірді. Соның 10-ы тұруға мүлде жарамсыз болып қалды. Аһ ұрарлық ахуал қайталанбауы үшін бүгінде жергілікті құтқарушылар тақымдарын қысып, жауапты науқанға қызу дайындалып жатыр. Себебі, биыл да Солтүстік Қазақстан облысы тасқын қаупі жоғары аймақтардың тізімінде тұр.
Марат Қанғожинов, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:
– Облыста төтенше жағдай бола қалса, 130-дан астам ауыр техника, 5 бірлік жүзу құралы және 85 мотопомпа әзір тұр. Оған қоса, сыйымдылығы 400 орынды құрайтын 21 шатыр дайындалды. Егер ахуал күрделене түссе, онда жергілікті атқарушы органдардан шамамен 2 мың адам, 1300 техника тартылатын болады. Оның 363-і – су сорғыш қондырғы, 108-і – жүзу құралы.
Қосымша тартылатын техника бойынша жалға алу шарттары алдын ала дайындалуы қажет. Өңір аудандарындағы құтқарушыларға Марат Қанғожинов осындай ұсыныс білдірді. Қауырт көктемде эвакуациялық пункттер де сақадай сай тұруы керек. Қазіргі таңда облысымызда мұндай 90-нан астам уақытша тұрақ әзірленіпті. Олар мектептерде, колледждер мен интернаттарда орналасқан.
Нұрболат Иманжанов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– Бүгінгі таңда біз су басу қаупі аса жоғары елді мекендерде тұратын қарттардың, науқастардың және жүкті әйелдердің тізімін бекіттік.
Сонымен қатар, 2 айлық дәрі-дәрмек қоры құрылды. Аталған қор ерекше бақылаудағы ауылдарға жеткізілді.
Жиын барысында қашықтықтан да баяндама жасалды. Онлайн байланысқа әр ауданның эвакуациялық комиссиясының өкілдері шығып, су тасқынына дайындық барысы жайлы есеп берді. Кейін, облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов эвакуациялық комиссиясының өкілдеріне мынандай тапсырма жүктеді.
Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Эвакуациялық комиссия төрағаларына, аудандар мен Петропавл қаласының әкімдігіне мынадай тапсырмалар жүктеймін. Ең алдымен су басу қаупі аса жоғары елді мекендерде тұратын адамдар мен төрт түлікті қауіпсіз жерге көшіру жоспарын қайта қарастырып, түзетулер енгізу қажет. Кейін, осы жоспардың көшірмелерін ТЖД-ға ұсыну керек. Эвакуациялау пункттерді азық-түлік қорымен қамтамасыз ету де маңызды және аудандарға жанар-жағармай, инертті материалдар жеткілікті көлемде жөнелтілуі тиіс.
Облыс әкімінің орынбасары эвакуациялық комиссия өкілдеріне жергілікті құтқарушыларға күн сайын толық ақпарат ұсынуды да тапсырды. Бұл ретте айта кетейік, биыл өңірдегі 85 елді мекен ерекше бақылауға алынып отыр. Соның 13-ін қызыл су басу қаупі аса жоғары. Синоптиктердің болжауынша, аймақтағы кіші өзендердегі мұз жамылғысы осы айдың соңында еріп, жылжи бастамақ.
Қымбат Мерғалимова, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:
– Сәуір айының бірінші онкүндігінде ауа температурасы түнде минус 5 пен 10-ның аралығында болмақ. Ал күндіз 5 градусқа дейін жылы болады. Кей жерлерде, тіпті, көрсеткіш 15-ке жетуі ықтимал. Бұл шағын өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне және Есіл өзеніндегі мұз жамылғысының бұзылуына әкеледі.
Мамандар қазіргі таңда өңірдегі гидрологиялық жағдайды тұрақты деп бағалап отыр. Бүгінде Сергеев су қоймасының толымдылығы 78%-ды құрайды.
Дана Ешкенова