МТРА жаңалықтары

Сарбаздар ант қабылдады

Бүгінгі күн сап түзеп тұрған мына жігіттер үшін өте маңызды. Сарбаздар 42 күндік арнайы әскери дайындықтан өтіп, әрбір ердің мойнына жүктелетін міндеттің бірін орындады. Ал қазір ел қорғандары ант қабылдауда. Петропавлдағы әскери-техникалық мектептің биылғы бірінші легінде Данияр Алкеев те қызмет атқарыпты. Бүгін қостанайлық азаматқа сертификат табысталды. Енді осы куәлік арқылы ол жергілікті мекен-жайы бойынша әскери билет ала алады.

Данияр Алкеев, қатардағы жауынгер, Қостанай облысы:

– Басында қиын болды. Үйрене алмадық. Сабақ оқыдық. Қару ұстап, атуды үйрендік. Физикалық тұрғыдан да өзімізді қолға алдық. Жігіттермен тату болдық. Қиын кезде бір-бірімізге көмектестік.

Биылғы бірінші лекте 30 сарбаз әскери даярлықтан өткен. Оның 15-і – жергілікті, қалғаны – қостанайлық азаматтар. Жігіттер әскери-техникалық мектепті “Атқыш” ретінде бітірген.

Игорь Четверов, Петропавлдағы әскери-техникалық мектебінің бөлім басшысы:

– Сарбаздар бізде физикалық дайындықтан өтті. Сондай-ақ, қару ұстап, ұрыстағы іс-қимылдарды меңгерді. Биылғы лектің жолы болды. Бұған дейінгі 2 жылда мектебімізді бітірген сарбаздар бір күндік демалысқа жіберілмейтін еді. Ал бүгін ант қабылдап жатқан жігіттерге осындай жеңілдік ұсынылды.

Наурыз айының 24-і күні кезекті топ, яғни 30-ға тарта тепсе темір үзетін жігіт білім алуға кіріседі. Жалпы, биыл бұл мекемеде 240 жігітті әскери даярлықтан өткізу жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев