Аққайың ауданына қарасты Трудовое селосы облыс орталығынан 64 шақырым жерде орналасқан. Елді мекеннің 730-ға жуық тұрғыны бар. Ауылдағы ағайынның жағдайы қаламен теңескен. Жол, орталықтандырылған су бар. Ал, 2 ай бұрын жергілікті әкімдікте цифрлық қызметтер әлеміне халықтық жолсілтеме орнатылды. Қарапайым тілмен айтқанда жүздеген қызмет түрі жинақталған терминал орын тепті.
Әмірәлі Сейілов, “Қазақтелеком” АҚ бизнесті дамыту бойынша директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Бұл терминал арқылы сіз мемлекеттік қызмет түрлерін ала аласыз. Сондай-ақ, медициналық қызметтер бар. Теміржол және авиабилеттерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Тағы enbek.kz сайтына кіріп, бос жұмыс орындарын іздеп, табуға болады.
Терминалдың пайдасы ұшан-теңіз. Пайдалануда да қиындық жоқ. Бірнеше батырманы бассаңыз болды, қалаған құжатыңызды алуға болады. Ал eGov порталындағы қызметтерге қол жеткізу барысында сұрақ туындаса, оны бірер минут ішінде шешуге мүмкіндік бар. Ол үшін қауырт желіге видеобайланыс арқылы хабарласу қажет.
Терминал жоғары жылдамдықтағы тұрақты интернетпен қамтылған. Одан бөлек, құрылғы арқылы wi-fi желісіне қосылуға болады. Екі айдың ішінде Трудовое селосының тұрғындары дәл осы цифрлық жолсерік арқылы 200-ден аса қызмет түріне қол жеткізіпті. Басым бөлігі анықтамалар алып, байланыс ақысын төлеп, интернетке қосылған.
Әлия Дүйсенбинова, Трудовое селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Терминал орнатылғалы өміріміз әжептәуір жеңілдеді. Бұрын кей төлемдерді жасау үшін аудан орталығына баруға мәжбүр едік. Қазір керек анықтамалар мен төлемді бір жерден небәрі 2-3 минут ішінде алуға болады.
Мұндай мүмкіндікті облыс бойынша шалғай орналасқан тағы 38 ауылдың тұрғындары пайдалана алады. Ал, ел бойынша бірегей терминалдар 553 елді мекенде орнатылған.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
– Терминалға сауалнама енгізу қажет. Жолсерікті пайдаланған тұрғындар өздерінің сұрақтары мен ұсыныстарын қалдырсын. Тағы қандай қызмет түрлерінің енгізілгенін қалайды, соны жазсын. Бұл жүйенің жұмысын дамытуға септеспек.
Бағдат Мусин қадағалайтын цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі саласында атқарылып жатқан шаруа аз емес. Алайда, жаңашылдықтардың барлығы бірдей теріскейде кеңінен пайдаланылмайды. Мәселен, өңірімізде аграрлы алқаптарға ғарыштық мониторинг жүргізу ісі ақсаңдап тұр. Арнайы геопортал бар, бірақ оған деген сұраныс аз. Бұл туралы министрге «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының өкілі баян етті. Бағдат Мусиннің сөзінше, мәселені тез арада біржақты ету қажет.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
– Әкімдік мамандарын порталды қолдануға үйрету қажет. Сайт сіздерге емес, ауыл шаруашылығы басқармаларына қажет. Мемлекеттік қызметшілер порталға кіріп, белгілі бір аграрийдің ісіне мониторинг жүргізуі тиіс. Былтыр қанша өнім жинады, биылғы көрсеткіш қандай, барлық алқап қолданыста ма дегендей. Осылайша, кәсіпорын өнімділігінің қарқынын бағалайды. Бұл әрмен қарай жұмысқа көп септігін тигізбек.
Сандық технологияларды енгізу саласындағы көңіл қуантарлық көрсеткіш әзірге тек мал шаруашылығында бар. Соңғы бірнеше жыл өңірде ақылды тауарлы-сүт фермалары бой көтеруде. Соның бірі – Аққайың ауданына қарасты Ленинское селосының маңындағы “Иван Зенченко” серіктестігінің кәсіпорны.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мал шаруашылығы бағытында өте жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Цифровизацияның арқасында барлық ақпаратты жедел алуға болады. Әрбір ірі қараның мойнына датчик тағылған. Сол арқылы сиырдың жағдайын, қашан төлдейтінін анықтауға болады. Мониторинг жүргізу үшін таптырмас құрал.
Мұндай жүйені еліміздегі әр фермаға енгізу қажет деді Бағдат Мусин. Себебі, сандық технологиялар қаражатты әжептәуір үнемдеп, өнімділікті арттыруға септеседі.
Эльмира Садвокасова