МТРА жаңалықтары

СҚО-да қант жеткілікті

Бос әбігерге салынудың қажеті жоқ! “Аймақта қант жеткілікті”,- дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілдері.

Көпшілікке мәлім, соңғы бірнеше күнде халық арасында “Құмшекер қымбаттайды” деген жалған ақпарат тарап кетті. Қолдан туындаған дүрбелеңнің салдарынан қазір жерлестеріміз ұзын-сонар кезекке тұрып, тауар түрін жаппай сатып алып жатыр. Осыған байланысты сөрелерде азық-түлік тапшылығы орын алуда. Яғни, кәсіпкерлер өнімді дүкендерге жеткізіп үлгермеуде екен. Жауапты сала маманы солтүстікқазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырады. Айтуларынша, бағаны тұрақтандыру қорындағы қант күзге дейін жетеді және құны өзгеріссіз қалады.

Данияр Исаев, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазіргі күні бағаны тұрақтандыру қорында 500 тонна қант сақтаулы тұр. Тауар өңірдің ірі сауда нүктелеріне күнде жеткізіліп тұрады. Шекердің 1 келісі 312 теңгеден сатылып жатыр. Солтүстікқазақстандықтарға құлаққағыс! Қазіргі күні облыста алғашқы қажеттіліктегі азық-түліктің 19 түрі бар. Олардың 15-і аймақта өндірілсе, қалған 4-уі өзге өңірлерде шығарылады. Сол себепті, тауарлардың азаюы мен бағаның жоғарылауы сыртқы факторларға тәуелді емес.

Эльмира Садвокасова