“Есіл жұлдыздары-2022” байқауында бақ сынап жатқан Дамир Жұмажан 9 жаста. Ол қолына микрофонды алғаш рет осыдан 5 бұрын алыпты. Қазіргі таңда қаламыздағы “Айналайын” үлгілі эстрадалық ән ансамбліне мүшелік етеді. Жас әнші бүгінгі сайысқа “МұзАрт” тобы орындайтын “Құтты ұям” әнін дайындап келіпті.
Дамир Жұмажан, байқауға қатысушы:
– “Құтты ұям” әні Отан, отбасы туралы. 02:21 Менің ойымша, мен жеңіске жетем. Достарымды, отбасымды, туыстарымды қуантқым келіп тұр.
Бүгін сахнаға Игорь Нафиков та шықты. Ол дәстүрлі конкурста “Жан достар” әнін шырқады. Жеткіншек вокалмен 1-ші сыныптан бастап айналысады екен.
Игорь Нафиков, байқауға қатысушы:
– Басында толқыныс болды. Дәл ән айтар кезде өз-өзімді қолға алып, сол толқынысты жеңе алдым. Байқауда өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Жеңіске жетсем деген арманым бар.
“Есіл жұлдыздары” – 20 жылдан астам уақыт ұйымдастырылып келе жатқан жас вокалистер байқауы. Мұнда аудандардан келген және петропавлдық ұл-қыздар жеке немесе топпен өздерінің өнерлерін ортаға салады. Карантиндік шектеулерге байланысты конкурс соңғы 2 жылда қашықтықтан өткізіліпті. Қуанышымызға орай, биыл таланттар қаламызға жиналып отыр.
Ирина Колодаева, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:
– Конкурс жас вокалшылардың қарым-қабілетін арттыру мақсатында өткізіледі. «Эстрадалық вокал» номинациясы негізінде әншілер жас ерекшеліктеріне сәйкес 3 топқа бөлініп, 2 бағытта өнер көрсетті. Олар: әуесқой және бастауыш кәсіби білім беру. Соңғысы бойынша арнайы білім беру ұйымдарына баратын ұл-қыздар сынға түседі. Қуантарлық жайт, осы жылы қатысушылардың саны артты.
Байқауда 90-ға жуық жас өнер көрсетті. Іс-шара соңында қазылар үздіктерді анықтап, грамоталар мен естелік сыйлықтар тарту етті.
Гүлден Симбаева