Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек демекші, бұл жиын бұрынғыларынан шынымен де өзгеше болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шараға алғаш рет партия төрағасы ретінде қатысты және мұндағы ең басты жаңалық ол – саяси ұйымның атауын өзгерту болды. Көз көріп, құлақ естіп үйренген «Nur Otan» алдағы уақытта «Аманат» болып ауыстырылады. Мұндай ұсынысты Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жасаған. Ал көпшілік оны қолдапты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, «Nur Otan» партиясының төрағасы, ҚР Президенті:
– Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек… Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған.
Алдағы уақытта партияның атауы ғана емес, жұмыс бағыты да өзгертіледі. Сөйтіп, мұндағылар бітпейтін бюрократия мен қағазбастылықтан арылмақ. Аталған жұмыс бағдары шараны онлайн тамашалаған өңір делегаттарын да қуантып отыр. Олар осылайша электоратқа көбірек көңіл бөлінеді дейді.
Кеңес Мұқышев, «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Қағазбастылықтан арылып, адамдарға көп көңіл бөлеміз және қазіргі уақытта фракция араларындағы жұмысты нығайтамыз. Яғни, диалог алаңдары арқылы қала, өңірде қандай сұрақтар бар – соның барлығын талқылап, заңнамаға өзгеріс енгізу керек болса, біз оны Мәжіліс депутаттарына тікелей жібере аламыз.
Жаңа серпіліс партияның жастар қанатына қажет еді. Сондықтан, өскелең ұрпақ өз жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтқан екен. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдаған және саяси ұйымның жаңа бағытында аталған жаңашылдықтар көрініс тапты. Жалпы, бүгіндері өңірлік «Jas Otan» жастар қанатына 3 мыңға жуық солтүстікқазақстандық жас мүшелік етеді.
Біржан Құдайбергенов, облыстық «Jas Otan» ЖҚ төрағасы:
– Маргиналды және жұмыссыз жүрген жастармен жұмыс жасайтын боламыз. Осы тұрғыда біраз шаралар жасалады. Жаңа жобалар қосылды. Жаңа көрдік, біздің берген ұсыныстарымыз енгізіліпті. Бұл тұрғыда «Jas Otan» ЖҚ жастарымыздың ақпарат арқылы қалай жұмысқа тұру керек, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс жасайтын боламыз.
Жалпы, онлайн форматта өткен съезді өңірден 20 делегат тамашалады.
Магжан Ахмадина