Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі «ЗИКСТО» зауытында болды

Қазір жұмыстың қызған шағы. Зауыт еңбеккерлері өз міндеттерін атқаруда. Тек біздің келгеніміз ғана олардың назарын аудартқан сыңайлы. Ал жалпы шаруа бастан асады, сондықтан қол қусырып отырар уақыт жоқ дейді мұндағылар.

Денис Михальский, «ЗИКСТО» АҚ дәнекерлеушісі:


– Қазіргі күні біз платформаларды жасап жатырмыз. Мен арқалықтарды дәнекерлеймін. Кейін олар вагон жасау үшін келесі цехтерге жөнелтіледі. Осылай күніне 6-7 балка дайындаймыз. Осы цехте 40-қа жуық адам жұмыс істейді.

Зауыт шикізатты көршілес Ресейден әкеледі екен. Сондықтан, аталған елдің Украинамен қиын қарым-қатынасы өндіріс ошағының жұмысына еш әсерін тигізбепті. Мұндағылар алдағы 3-4 айға қажетті бөлшектерді әлден алып қойған.

Ренат Шамсутдинов, «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:


– Біз 250 вагон жасауға жетерлік бөлшектерді алып қойдық. Сондықтан, алдағы уақытқа жұмыспен қамтылғанбыз. Өнімдеріміз «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жеткізіледі. Вагон платформалардың екі моделін жасаймыз. Ресейлік кәсіпорындармен де ұзақ мерзімді келісім жасалған. Осы ретте ешқандай қиындық туындаған жоқ. Штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз.

Аталған мәселе облыс әкімі Құмар Ақсақаловты да алаңдатқан екен. Сондықтан, өңір жетекшісі мұндағы жағдаймен танысуға арнайы келген. Аймақ басшысының айтуынша, Украина мен Ресей арасындағы жағдай ауыл шаруашылығына әсер етпесе де өнеркәсіп саласына өз салқынын тигізуі мүмкін. Өйткені, теріскейлік зауыттар көрші елдермен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Ренат Шамсутдинов, «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:


– Жұмысымыз жүріп жатыр. Біз 2020 жылы ұзақ мерзімді келісім жасаған болатынбыз. Соған сай өндіріс ошағы 2000 вагон платформа әзірлеуі тиіс. Қазір сол тапсырыстарды орындап жатырмыз. Алдағы уақытта жаңа цех ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір оған дайындық шаралары жүргізілуде.

Өңір жетекшісі жұмысшылармен де тілдесті. Бүгіндері мұнда 350 адам еңбек етеді екен. Алдағы уақытта олардың жалақысын да 250 мың теңгеге дейін өсіру көзделуде.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Бұл зауыттың жұмысы тұрақты. Былтыр 21 млрд теңге көлемінде өнім шығарды. 179 млн теңге салық төленді. 850 платформа шығарылды. Биыл 1150 платформа өндіруі тиіс. Қосымша тағы 100 жұмыс орны құрылады. Салықтың көлемі едәуір өсетіні сөзсіз. Сондықтан, әрбір зауыттың жұмысын қадағалап отырмыз.

Жалпы, биыл өңір зауыттарына келіп түсетін тапсырыс көлемі 65 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Сөйтіп, өндіріс ошақтары 410 млрд теңгенің өнімін өндірмек. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп.

Магжан Ахмадина