Денсаулық сақтау

Коронавирус бойынша әлемдегі ахуал

Гонконгта эпидахуал мәз емес. 7,5 млн халқы бар арнайы әкімшілік аудан дәрігерлерінің мәліметінше, мұнда күніне 10 мың адам вирус жұқтырады. Ал 24 сағат ішінде көз жұмған жандардың саны 50-дің шамасында. Қазір жергілікті билік локдаун енгізу туралы шешім қабылдауды жоспарлап отыр екен.

Кэрри Лам, Гонконг әкімшілігінің басшысы, ҚХР:


– Гонконг үкіметі жағдайды тұрақтандыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ, біз қауіпті індетті жеңеміз бе, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Бұл ретте азаматтарға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Сіздердің келісімдеріңіз пандемияға қарсы жұмыстың тиімділігін арттырады және шектеулі ресурстарымызды дұрыс пайдалануға көмектеседі.

Өткен аптада Гонконгта «өткізу жүйесі» іске қосылды. Заманауи дүние арқылы вакцинацияланған адамдар сауда орталықтарына, мейрамханаларға, спорт залдар мен басқа да қоғамдық орындарға кедергісіз кіре алады. Батысқа шолу жасайық. Еуропада жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Осыған байланысты кейбір мемлекеттерде карантин жеңілдетілуде. Мәселен, Нидерланд қалыпты өмірге 25-ші ақпан күні оралды. Қазір қызғалдақтар елінің тұрғындары бірде-бір шектеусіз өмір сүріп жатыр. Ал Францияда бүгіннен бастап вакцинация паспорты бар жандарға мейрамхана мен кинотеатрларға бетпердесіз кіруге болады. Ресейде мүлде өзгеше ахуал. Қаңтар айымен салыстырғанда мұнда аурушандық 3 есеге өскен.

Ольга Смирнова, Бор аудандық орталық ауруханасының бөлімше меңгерушісі, РФ:

– “Омикрон” штамын тұрғындар оңай еңсереді. Бірақ, вирустың аталған түрі тез тарағандықтан адамдар ауруханаға көптеп жүгінуде.
Бүгінде жансақтау бөлімшесінде орын жоқ. Мысалы, қазір реанимацияда вакцинацияланбаған 100 науқас жатыр.

Бүгінде коронавирусқа қарсы 83 млн-нан астам ресейлік екпе алған. Қазір көрші елдегі ұжымдық иммунитеттің деңгейі шамамен 60%-ды құрайды.

Алдияр Айтпаев