Дәл қазір 20-шы шағын ауданындағы суағарлар тазартылуда. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері күрекпен құбыр ішіндегі қарды алып, трактордың көмегімен камазға салып жатыр. Әйтпеген жағдайда көктемде еріген ақ ұлпадан шалшық сулар пайда болып, адам қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін.
Ойқала ықшам ауданында да таңнан бері қызу тірлік. Суағарларды қардан тазарту жұмыстары мұндада да жүргізіліп жатыр. Қаланың бұл бөлігі де қар басу қаупі бар аймаққа жатады. Жалпы, жыл сайынғы шаруа биыл ақпан айынан басталыпты.
Павел Булаев, «Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар» кәсіпорнының басшысы:
– Бүгінге дейін қаланың орталығындағы суағарларды тазарттық. Қазіргі уақытта аталған шаруа шеткі аудандарда атқарылуда. 4 бригада жұмыс істеп жатыр. Іске 50 адам мен 20 арнайы техника жұмылдырылған.
Айта кету қажет, қаладағы суағарлардың ұзындығы жыл санап артып келеді. Өткен жылдың өзінде осы бағытта 8 көшеде құбыр салу жұмыстары басталыпты.
Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Оның 5-еуінде жұмыстар толық аяқталды. Бұл бізде Семашко, Халтурин, Исмаилов көшесінде және Привокзал аумағында. Биылғы жылы бізде Бөкетов, Жамбыл, Волочаевск көшелерінде суағар жасау жұмыстары толығымен аяқталады. Бұл аудандар су басу қаупі жоғары аудандар болып саналады. Соңғы үш жылда суағарлардың ұзындығы 2,5 есеге артты. 2019 жылы олардың жалпы көлемі 92 шақырымды құраса, бүгінгі күні 195 шақырымды құрап отыр.
Яғни биыл коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері жалпы ұзындығы 195 шақырым болатын суағарларды тазалап шығуы тиіс. Айта кету қажет, бұл жұмыстар тұрғындардың өтініштері бойынша да атқарылады. Шаруа наурыз айының соңына дейін жүргізіледі.
Алдияр Айтпаев