Қоғам

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының жұмысы жандануда

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 30 жылдан аса уақыт бұрын құрылған. Алайда, соңғы 20 жылдың ішінде шаруасы біраз тоқырап қалыпты. Қазір ұйымның жұмысын солтүстік өлкеде жандандыру ісі қолға алынуда. Себебі, өңірде ана тіліміздің мәселесі өткір тұр. Оны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шешу қажет дейді қоғамның жергілікті филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов.

Жанат Мұхамеджанов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы СҚОФ төрағасы:

– Өздеріңізге мәлім, қазақ балабақшаларын бітірген балғындардың 30-40 пайызы орыс мектептеріне барады. Тағы бір проблема – балалар мектепте, қоңырау кезінде өз арасында орысша сөйлеседі.

Тәрбие – тал бесіктен. Сондықтан, ана тілін балалар кішкентайынан меңгерулері қажет. Ол үшін үйде қазақша сөйлеп, қазақы ортада дамуы тиіс. «Қазақ тілі» қоғамының көздегені де – осы.

Жанат Мұхамеджанов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы СҚОФ төрағасы:

– Біздің қоғамның іс-шаралар жоспары бекітілген. Соның ішінде қазақ балаларының аты-жөнін қазақша жаздырту, оларды 100 пайыз қазақ мектептеріне тарту қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарда іс-қағаздар мемлекеттік тілде жүргізіледі дегенмен, есептердің көбі орыс тілінде тапсырылады. Осы мәселені де көтереміз.

Іс-қағаздардың орыс тілінде жүргізілуі бір бөлек, дәл осы есеп-қисапты әзірлейтін мамандардың қазақша білмеуі – басқа әңгіме. Бүгінде өңірде тілдерді дамыту орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда мемлекеттік және шет тілді меңгеруге болады. 2020 жылы курстарға 2400-ге жуық адам қатысса, биыл саны 3 мыңға жетіпті. Бірақ, орталық тек Петропавлда ғана бар. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов осындай орталықтардың санын көбейту туралы ұсыныс жасады.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Мемлекеттік заказ арқылы сондай орталықтар ашсаңыздар. Нысан беріп, кадрлар іздеп, сонда бізде аудандарда – 13, қалада 1 орталық болады.

Бұл ретте жолшыбай тағы бір мәселені шешу қажет. Ғани Нығыметовтың сөзінше, тілдерді дамыту орталығында еңбектенетін мұғалімдердің жалақысы небәрі 70 мың теңгені құрайды. Мамандардың еңбақысын өсіру қажет делінді жиында. Қазақ тілінің мәртебесі және ұлттық идеологиямен бірге ономастика да тығыз байланысты.
Соңғы 2 жылда ономастика саласында бірталай жұмыс атқарылды. 2020 мен 21-дің аралығында 400-ге жуық жер-су атауы өзгертілді. Оның ішінде Мамлют ауданындағы Ленин, Ақжардағы Коммунизм мен Киевское Бике, Баймырза және Кіші Қараой болып қайта аталды. Биыл шаруа жалғасын таппақ. Жалпы, облыс бойынша 13 ауылдық округ, 33 елді мекен мен 300-ге тарта көшенің атауы идеологиялық тұрғыда ескірген.

Жақсыбай Самрат, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі, журналист:

– Көшелердің атауын өзгерткенде ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте отырған жандардың есімін берген дұрыс емес. Оның бір талаптары болуы тиіс. Егер азамат шынымен де ел мен жерге, халыққа жақсылық жасап, еңбектенсе, жастарға үлгі бола білсе ғана беру қажет.

Қуантарлығы сол – биыл қаладағы 3 орта мектепке Алаш арыстары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Смағұл Сәдуақасұлының есімдері берілмек. Ал спорт мектебі Қажымұқан Мұңайтпасұлының құрметіне аталады. Сондай-ақ, медициналық колледжге Жұмағали Тілеулиннің атын беру қарастырылуда. «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы кеңейтілген отырысында ұйым мүшелерімен мемлекеттік тіл мәртебесі жөнінде қарар қабылданды. Сондай-ақ, білім және мәдениет, тілдерді дамыту басқармалары мен жергілікті университет арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды.

Эльмира Садвокасова