Қоғам

Суық судан сескенбейтін солтүстікқазақстандықтар

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Телефонымыздағы ауа райы қосымшасы сынап бағанасының -20 градус екендігін көрсетіп тұр. Ал желмен қоса алғанда -33 градус екен. Бірақ, суық деген ұғым мына кісілерге мүлде жат. Олар таңсәріден Есіл өзеніне келіп, өздері түсетін ойықты тазалап жатыр. Қазір қызу тірлік.

Қарап тұрудан аулақпыз. Қызу тірлікке “білек сыбана” біз де кірістік. Ерке Есілдің жағасында “Петропавл морждары” клубының өкілдері өткен сенбіде ғана болған екен. Белсенді жандар араға тура 1 апта салып қайта келсе, өзен беті әжептәуір қатып қалған. Электр араның, сүйменнің көмегімен ойылған мұздың қалыңдығы 30 сантиметрге жуықтайды. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, кесек-кесек мұз 20 минуттың көлемінде ойықтан шығарылды. Шаруа аяқталар шақта салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың бір бөлігі жүгіріп кетті. Бұл – суық суға түсер алдындағы жаттығудың бір түрі.

Жерлестеріміз саршұнақ аяз бен суық желге қарамастан 2 шақырымды еңсерді. “Петропавл морждары” клубының ең жас өкілі – Дарын. Небәрі 4 жастағы каратэші жаттықтырушының ақыл-кеңесі бойынша бүгін суға түспейді. Есесіне, ол таза ауада жаттығуда.

Көп ұзамай көпшілік сұп-суық суға күмп етуге кірісті. Кейбіреуінің бойында үрей жоқ. Кәдімгі бассейнге секіргендей секіруде.

Қыздар да қалыс қалмады. Диана Айтжанова бірнеше метрлік жасанды бассейнде оп-оңай жүзіп шықты. Айта кетерлігі, нәзікжанды “Петропавл морждары” клубына жақында ғана қосылыпты.

Диана Айтжанова, “Петропавл морждары” клубының мүшесі:

Мен қысқы уақытта Есіл өзеніне осымен 3-ші рет түсіп тұрмын. Жаңа алғаш рет ойықтың бір шетіне жүзіп барып, қайта жүзіп келдім Керемет әсер алдым. Мұндай сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Бейнегүл Валеева тұрғындарды қатарға қосылуға шақырады. 4 айдан бері тұрақты түрде Есіл өзеніне келіп жүрген азаматша – рентгенолог-дәрігер. “Медициналық тұрғыда қарасақ, суық су адамның иммунитетін нығайтып қана қоймай, артық заттардан арылуға, теріні қатайтуға септігін тигізеді”,- дейді маман.

Бейнегүл Валеева, “Петропавл морждары” клубының мүшесі:

Дәрігер ретінде айтарым, қыстыгүні суға түскен өте пайдалы. Себебі, іштегі бүкіл шлагтар шығады. Терімізге де өте пайдалы. Әжімдер кеш түседі.

Айтылғандарды Исиндер жанұясы жақсы біледі. Алғаш сұп-суық суға осыдан 4 жыл бұрын үйдің отағасы Думан түскен екен. Кейін қатарға – зайыбы, ал бертін келе қос ұлы қосылған. Бұл қызығушылықты әдетке айналдырғалы ауру дегенді ұмыттық дейді азамат.

Думан Исин, “Петропавл морждары” клубының мүшесі:

Балаларымды қыстыгүні суға түсірер алдында арнайы дайындадым. Алдымен моншада салқын сумен шомылдырдым. Кейін далада денелерін қармен ысқыладым. Бүгінде ұлдарым да, біз де ауырмаймыз. Бұл суық суға түскеннің нәтижесі деп білемін.

Айта кету қажет, “Петропавл морждары” клубына мүшелік ететін жандардың қатары күн санап артып келеді. Бүгінде аталған ұйымның әр түрлі жастағы 150-ге жуық өкілі бар. Араларындағы үлкені жетпісті желкелеп қалыпты.

Виталий Искаков
, “Петропавл морждары” клубының мүшесі:

Арамыздағы үлкеніміз сонау Береке ықшам ауданынан жүгіріп келеді. Осы жерде суға түсіп, қайтадан жүгіріп кетеді. Біз оны үлгі тұтамыз. Негізі, клуб мүшелері қалалық жағажайда әр сенбі-жексенбі жиналады. Бәріміз достық қарым-қатынастамыз. Кез келген жерде бір-бірімізге үнемі көмектесуге тырысамыз. Суға түскеннен кейін маңайды жинап кетеміз.

Иә, қала тұрғындарының достық қарым-қатынаста екендері, суға түсу арқылы бүтін бір отбасыға айналғандары көріп тұр. Олар мерекелерді дастархан жайып табиғат аясында атап өтеді. Мысалы, сенбіде 3 бірдей клуб өкілінің туған күні тойланды.

Байболат Култанов