Мұз айдынына 4 бірдей ауданның кёрлингшілері шықты. Әр құрамада 4 ойыншыдан. Араларында бұл спорт түріне енді келгендер де, республикалық жарыстарда өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі саңлақтар да бар. Соның бірі – Елизавета Уточко. 22 жастағы нәзікжанды кёрлингпен 2017 жылдан бері айналысады. Осы уақыт ішінде жерлесіміз спорт шебері атаныпты.
Елизавета Уточко, жарысқа қатысушы, Жамбыл ауданы:
– Колледжде оқып жүрген кезде дене шынықтыру мұғалімі маған осы спорт түрімен айналысып көруді ұсынды. Келісімімді бердім. Міне, содан 5 жыл уақыт өтті. Бүгінге дейін республикалық жарыстарда бірнеше рет өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріндім. Бүгінгі додада сол жетістігімді қайталағым келеді. Бірақ, қарсыластарымның арасында тәжірибелі жандар жетерлік. Негізі, кёрлингті ойнау сырт көзге оңай боп көрінуі мүмкін.Шын мәнісінде оңай емес, біраз тер төгуге тура келеді.
Ойынның өзіндік ережесі бар. Құрамадағы бір ойыншы салмағы 20 келі болатын тасты 8 мәрте сырғытып, ұпай сандары көрсетілген аумаққа жеткізеді. Ал, арнайы зона әжептәуір жерде орналасқан. Жол-жөнекей командаластар мұзды тазалап, тастың көздеген аймаққа дәл жетуіне күш салады. Міне, осылайша, ұжым балл жинайды.
Жалпы, “Солтүстік-2022” облыстық қысқы ойындары қаңтардың 26-сы күні бастау алды. Дәстүрлі дода 8 бірдей спорт түрі бойынша өтуде. Соның ішінде керлинг “Солтүстік” ойындарының құрамына 4 жыл бұрын енгізілген екен.
Сергей Семененко, жарыстың төрешісі:
– Соңғы жылдары біздің өңірде кёрлинг жақсы дамуда. Аудандардан келген спортшылар өздерінің шеберліктерін көрсетіп жатыр. Мәселен, Аққайың, Ғ.Мүсірепов және М.Жұмабаев аудандарының өкілдері мергендіктерімен, ептіліктерімен көзге түсуде. Бүгін 50-ден астам спортшы бақ сынауда.
Жарыстың қорытындысына келейік. Сайыста М.Жұмабаев ауданының ойыншылары жеңімпаз атанды. Қатысушылардың барлығы грамоталармен марапатталды. Жалпы, “Солтүстік-2022” қысқы ойындарына биыл мыңнан астам жан қатысуда. Дәстүрлі дода ақпанның соңына дейін жалғасады.
Дана Ешкенова