Қылмыс

Петропавлда есірткі қолданып көлік айдаған жүргізуші ұсталды

Петропавлда есірткі қолданып көлік айдаған жүргізуші ұсталды. Оқиға 31 қаңтар күні Интернационал көшесінің бойында орын алған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол бойымен жүйткіп бара жатқан «JAC» автокөлігін тоқтатып, медициналық куәландыру жасаған кезде 35 жастағы жүргізушінің есірткілік масаң күйде екендігі анықталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, көлік арнайы тұраққа қойылған.

Аталған оқиғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша материал жинақталуда. Өңірде өткізіліп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген 13 күн ішінде темір тұлпарды мас күйінде тізгіндеудің 26 фактісі тіркелген. Айта кетейік, осы әрекет үшін 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Жалпы, аталған шара басталғалы облыста 1400-ден астам түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Магжан Ахмадина