Қазір көпбейінді қалалық аурухананың травматология пунктіне түсіп жатқан халықтың қарасы қалың. Мұнда қаңтардың 1-ші жұлдызынан бастап 300-ден астам адам жүгініпті. Науқастанғандардың көбісі – жолда тайып құлағандар. Олар аяқ-қолын шығарып, сындырып алған.
Валерий Грибашов, көпбейінді қалалық аурухана жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі:
– Көмекке жүгінгендердің 25-і алкогольдік масаң күйде болды. Осыдан 2-3 жыл бұрын бұл көрсеткіш біршама көп еді. Өйткені, ол кезде пандемия болған жоқ. Түнгі клубтар мен мейрамханалар таңға дейін жұмыс істеді. Келіп түскендерге бірден алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жатқыздық. Қазіргі күні жағдайлары жақсарып келеді.
Сонымен қатар, жаңа жыл қарсаңында мұнда термиялық күйік шалып түскендер де болыпты. Ал ішімдікке сылқия тойған 11 адам үсікпен жүгінген. Қазіргі күні олардың 1-еуі ауруханада ем қабылдап жатыр. Егер науқастың жағдайы жақсармаса, аяғы мен қолын кескеннен басқа амал жоқ дейді дәрігерлер. Осы орайда медицина қызметкерлері далада абай болу қажеттігін ескертеді.
Бердимурат Баймухан