Іс-шараға үлкен-кішінің бәрі жиналған. Нұрай Нұрғожина әдеби кешке өзінің ғылыми мақаласын әзірлеп әкеліпті. Еңбегіне Қошке Кемеңгерұлының өмір жолын, атқарған істерінің бәрін сыйғызған. Бойжеткеннің зерттеу барысында тапқан қызықты деректері де бар екен.
Нұрай Нұрғожина, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:
– Қошке Кемеңгерұлы Ақмола облысында туғанымен Петропавл қаласында көп еңбек етті. Ол мұнда өзінің драматургтық қырын дамытқан. Көптеген пьесаларын осы жерде сахналатқан. Зерттеу жұмысын жүргізудегі мақсатым – Қошке Кемеңгерұлын көбісі біле бермейді. Осы себептен осы тақырып негізінде ғылыми жұмыс жасадым.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбай да қатысты. Академик жиналған жастарға Қошке Кемеңгерұлы жайлы баяндап берді. Сондай-ақ, Алаш арыстары туралы жазылған “Алаш көсемдерінің өсиет-өнегесі” атты кітабын таныстырды.
Зарқын Тайшыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– 1930 жылдың көктемінде Алашордашы деп ең әуелі 42 адам ұсталды. Сол алғашқы толқынға Қошке Кемеңгерұлы да ілініп сотталды. Содан кейін 1937 жылы қадірлі-қасиетті тұлғаларымызбен бірге кетті. Қошке Кемеңгерұлының шығармаларының барлығы осы кітапханада бар. Соны жастар оқып, өнеге алулары тиіс. Сол үшін осындай жиындар өткізу қажет.
Кеште Алаш қайраткерінің ақындық қыры жайлы да айтылды. Жастар іс-шара барысында Қошке Кемеңгерұлының қаламынан туған өлеңдерді оқыды. Солардың бірі “Абақтыдан хат” деп аталады. Туындыны Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті Дидар Аймұқанов оқуда.
Дидар Аймұқанов, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
– “Абақтыдан хат” өлеңін жазушы темір торда отырып жазған. Анаға деген, отбасы мен Отанға деген сағынышын осы өлең арқылы жеткізгісі келген.
Кеш соңында жастар “Алаштың көрнекті қайраткері” атты кітап көрмесін тамашалады. Мұнда ғалымның кітаптары мен ол туралы жазылған мақалалар қойылған.
Алдияр Айтпаев