Арман болған үй әбігерге салып отыр

Қоғам

23:43 3 Қараша 2021

YouTube Embed: No video/playlist ID has been supplied

Георгий Литвинов бала-шағасымен бірге бірнеше жыл бойы пәтер жалдап келген. Өткен жылы “Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы «Солнечный-2» кентінен су жаңа баспанаға ие болады. Жазда қоныс тойын тойлап, қыс келгенде қуанышы су сепкендей басылған.

Георгий Литвинов, қала тұрғыны:

– Былтыр шілде айында келіп үйлердің жағдайын көріп кеттік. Бізге толығымен салынып біткен бір баспананы көрсетті. Іші, сырты бүтін, еден-қабырғалары да қапталған екен. Сіздердің үйлеріңіз де осындай болады деді. Алайда, қыста көшіп келгенде жағамызды ұстадық. Пештің өзі кіп-кішкентай. 90 шаршы метрді мүлдем жылыта алмайды. Өз ақшамызға 500 мың теңгеге үлкен қазандық орнатуға тура келді.

Әрі өз қалталарынан қазандық орнатып, әрі әлі күнге дейін тағы бір жылытқыш құралын қосып қояды. Әлі күз, қыста не болары белгісіз. Терезе-есіктен, тіпті, төбеден соққан суық жел далада отырғандай сезімге бөлейді дейді. Былтыр еденмен алысып, оны қалыңдатқан екен. Енді отағасы үйдің шатырын бұзсам ба деп отыр. Оны да дұрыстап қайта жинау керек. 11 млн теңгеге ипотека рәсімдеп алған үйді жөндеуден бөлек, жылытудың өзіне қаншама қаражат кетіп жатыр деп қынжылды Георгий Литвинов. Сапасыз салынған үйдің жыры бір бөлек, кенттегі инфрақұрылымның жағдайы да көңілге қаяу түсіреді.

Георгий Литвинов, қала тұрғыны:

– Өткен жылы жанымызды шүбереккке түйіп қыстап шықтық. Көктем келді деп қуанып ек, бұл да артық болған екен. Айналымызды еріген қар суы басып, лай-батпақтың ортасында қалдық. Су үйімізге дейін жетті. Мұнда суағар жоқ екен. Қар суынан құтылу үшін өзіміз арық қазып амалдадық. Жол да жоқ, аялдамаға жетудің өзі мұңға айналды.

Георгий Литвиновпен бірге бір көшеден Сәуле Шәріпова да көптен күткен баспанасын сатып алған екен. Бастапқыда жаңа ықшам ауданның жоспарымен таныстырғанда барлығы әдемі болып көрінді дейді зейнеткер. Шын мәнісінде жаңа баспананың жыры бас ауруына айналған. Көктем-күзде жиналған қалың су үйдің іргетасына дейін келеді екен.

Зейнеткер өз қаражатына қиыршық тас алдыртып, су жиналатын жерлерді жапқызған. Ылғалдың көптігінен үйдің іргетасында жарықтар пайда болыпты. Бұл проблема жөнінде қалалық әкімдік өкілдері хабардар дейді тұрғындар. Бірақ, баяғы жартас – сол жартас күйінде қалып отыр.

Сәуле Шәріпова, қала тұрғыны:

– Өткен мамыр айында қалалық әкімдік өкілдері келіп суағар салып береміз, жолды дұрыстаймыз деп уәде беріп кетті. Содан бері түк өзгеріс болған жоқ. Енді алдағы көктемде бізді не күтіп тұрғанын білмеймін.

“Солнечный-2” кентінде жол мен жарық, кәріздік жүйе мен автобус мәселесі өткір тұр. Тұрғындардың айтуынша автобустар сирек жүреді.
Әкімдік өкілдері бұған қатытсы мәлімдеме жасады. Қоғамдық көлік пен суағарларға қатысты түйткіл келесі жылы шешіледі.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

-Биылғы жылы “Солнечный-2” кентінде 4 мың текше метрді құрайтын суағарлар жасалған болатын. Бұл жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Келесі жылы қаржы бөлінген жағдайда бұл іс әрі қарай жалғасады. Автобус мәселесіне келетін болсақ, қазір аталған кентте 1 автобус тегін қатынайды. Ол тұрғындарды “Солнечный-1” аялдамасына дейін жеткізеді. Ол жақтан “4А”, “27” маршруттары жүреді.

Былтыр “Солнечный-2” кентінің 5 шақырымына қиыршық тас төселіпті. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады деді, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ермек Рахымжанов.

Ермек Рахымжанов, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы

– Ал жарық шамдары барлық көшелерге орнатылды. Бірақ, кей көшелердің жарық бағандары трансформаторлық қосалқы станциясына әлі қосылмаған. Тиісті жұмыстар толық аяқталғаннан кейін жарық барлық жерге беріледі.

Жалпы,”Солнечный-2″ кентінде 200-ден астам үй салынады деп жоспарланған. Оның 139-ның құрылысы жергілікті “Құрылыс СК” серіктестігіне сеніп тапсырылған. Бүгінде оның 31-і қолданысқа беріліпті. Баспаналардың кепілдік мерзімі 2 жылды құрайды. Бейінді бөлім басшысы Ермек Рахымжановтың айтуынша іске жүрдім-бардым қараған компания үйлерге қатысты олқылықтың орнын толтыруы керек.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

СҚО-да әр 4-ші отбасы ажырасуға шешім қабылдайды
Еріктілер жалғызбасты зейнеткерге көмектесті
Жастарға жемқорлықтың қатері жайлы айтылды
Өңірде “e-апостиль” бағдарламасы іске қосылды
Өңірде білікті имамдар жетіспейді
Жолда пара берудің салдары түсіндірілді
Мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері артпақ
Сергеевка қаласындағы қандастардың жағдайы
Петропавлда «Есіктің арғы жағында» көрмесі өтті
Қоғам белсендісі Ақжан Кәрімнің еңбегі еленді
184 солтүстікқазақстандық алимент төлемей жүр
Өңірге жұмыс сапарымен Сенат депутаттары келді