№2 Бескөл орта мектебінде нан күніне орай іс-шара ұйымдастырылды

Білім

23:23 21 Қазан 2021

Нан қоқымын шашпаңдар, жерде жатса, баспандар. Теріп алып қастерлеп, торғайларға тастаңдар. Тәрбиелік мәні зор бұл сөздер көпшілікке жақсы таныс. Өйткені, үлкендеріміз әрқашан ас атасының бір түйірі қандай еңбекпен, маңдай термен келетінін құлағымызға құйып отырады. Ас атасына қатысты тыйым сөздер барлығы үшін өмірлік өнеге болып қалары сөзсіз. Нанның қасиеттілігін №2 Бескөл орта мектебінің ұстаздары да оқушыларының естеріне жиі салып тұрады екен.

Сәуле Адильшина, №2 Бескөл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

Қазақ халқының бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрі бойынша әр үй жұма сайын бауырсақ пісіріп, майдың иісін шығарады. Баяғыда ата-бабаларымыз нан пісіру үшін қол диірмені арқылы бидайды үгіп, одан ұн шығарып, ұннан таба нан, бауырсақ пісіретін.

Дастарханымыздың сәніне айналған нанның қандай еңбекпен үстелге қойылатынын балалардың көбі біле бермейді. Сондықтан, наубайшы Екатерина Андрушкевич мектепке арнайы келіп отыр. Нәзікжанды өмірінің 30 жылын дәмді өнімдерді дайындауға арнапты. Ол ұннан неше түрлі тағам әзірлей алады. Тіпті, нанға не қосылғанын дәмін татпай тұрып, иісінен біледі.

Екатерина Андрушкевич, «Сұлтанғазиев» ЖК наубайшысы:

Нан табиғаттың бізге берген баға жетпес сыйы деп білемін. Астың кез келгенін нансыз жей алмаймыз. Егер артылған нан қалса, оны тастамай, кептіріп жеуге де болады. Бүлініп қалмау үшін тоңазытқышта сақтаған абзал.

Бірі білсе, бірі білмес, 16-шы қазан – Халықаралық нан күні. Осыған орай білім ошағының ұстаздары «Ас атасы – нан» мектепішілік шарасын өткізіп отыр. Оған 4-ші мен 5-ші сынып оқушылары қатысуда. Шәкірттер наубайшыдан ұн өнімдерін қалай сақтау керек екенін сұрастырып, тәрбие сағатына белсене ат салысты.

Мен бүгінгі іс-шара арқылы әр ұлттың өзінің дәстүрлі наны бар екенін білдім. Ас атасын құрметтеу керек. Себебі, нанды дайындау үшін қаншама адам еңбектенеді.

Нанның қоқымын жерге тастауға болмайды. Егер далада шашылып жатқанын көрсек, шымшықтарға беру керек.

Алайда, қазіргі заманда нанды бағаламай, ысырапшылдыққа жол беретін жандар да кездеседі. Қала тұрғыны Төлебай Кучумов ас атасы – нанды қадірлеудің астарында үлкен тәрбие жатыр дейді.

Төлебай Кучумов, қала тұрғыны:

Кішкентай кезімде ата-анам тамақтанып болғаннан кейін нанды жинап отырыңдар, шашпаңдар деп айтып отыратын. 2 балам мен немерелеріме нанның қаншалықты бағалы екенін айтып отырамын. Соғыс кезінде адамдар 1 тілімді 3-4 ке бөліп жейтін. Сондықтан, қазір нанды қадірлеу керек.

Нанның қадірін түсінген бала біреудің еңбегіне де құрметпен қарау қажеттігін түйсініп өседі.

Алтынай Казиканова

Бұдан әрі оқыңыз

Петропавлда Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай поэзиялық кеш өтті
Петропавлда “Ұлы дала елі” атты шығармашылық байқау өтті
№13 орта мектебінің оқушылары – дарындылар қатарында
Петропавлда “Қозыбаев оқулары” өтті
Жергілікті ағылшын тілі пәні мұғалімдері халықаралық жобаға қатысуда
Магистратура мен докторантураға түсу үшін құжат қабылдау жүріп жатыр
НЗМ оқушысы Артем Герман республикалық президенттік олимпиадада 2-ші орын алды