Бұл – ауыл шаруашылығы өкілдеріне жақсы таныс “Claas” компаниясының өңірдегі алғашқы зауыты. Заманауи өндіріс орны Береке ықшам ауданында орналасқан. 35 жылдан бері бос тұрған нысанды қалыпқа келтіру жұмыстарына 1 жыл уақыт кетті. Жақын арада ұсақ-түйек шаруалар атқарылып, ғимарат толық дайын болмақ. Кейін тиісті қондырғылар орнатылады, техниканың бөлшектері әкелінеді. Осылайша, немістік тегеурінді комбайндарды жинау басталады.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл – өңіріміздегі өте ауқымды әрі тиімді жоба. Солтүстікқазақстандық диқандар үшін комбайндарды өзімізде жинау сатып алғаннан 38 пайызға арзанға түспек. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы техникасының 90-нан астам бірлігін әзірлеуді жоспарланып отырмыз.
Жоспарға сәйкес, мұнда күніне 4 комбайн құрастырылады. Ал оларды сынақтан өткізуге тағы 2 күн жұмсалады. Бұл аралықта техниканың ішкі құрылысы тағы бір рет тексеріледі, монтаждау кезінде кеткен олқылықтар анықталады.
Вальдемар Приб, “CLAAS” компаниясының жоба үйлестірушісі:
– Әр бөлшектің жинақтау процесін аяқтамас бұрын жіті тексерістен өткіземіз. Қателіктерді жібермеуге тырысамыз. Егер іс барысында қандай да бір олқылық орын алса, кейін оны анықтау қиын болады.
Ал қыста зауыт өкілдері тракторларды да жинауға кіріспек. Өңір диқандары алдағы егін науқанында жаңа техника тізгіндейтін болады.
Маржан Касымбек