Сырымбет Есенғалиев, “Баянтай” ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
– Қар тез еріп кетті. Судың қайда кеткенін білмей қалдық. Көктем бойы жауын жауған жоқ. Күннің ыстығы. Биыл қатты ыстық болып кетті. Аңызғақ жел соғып, жер кеуіп кетті.
Қуаңшылық қинаған жыл. Агросектор өкілдері 2021-ді дәл осылай сипаттайды. Аптап ыстық, солған астық, ылғал аз, қысқасы – қолайсыз жаз. Жіпке тізілгеннің барлығы өнімдердің дер кезінде жетілуіне кері әсерін тигізді. Айта кетерлігі, өңір ішіндегі аса маңызды кейбір көрсеткіштер әртүрлі. Мысалы, бір ауданда жауын-шашынның түсуі көңіл толарлықтай болса, екіншісінде әжептәуір төмен. Мұны Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясының өкілдері ауыл-ауылды аралап жүріп анықтапты.
Олег Соловьев, «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, Аққайың ауданы:
– Жылдағы деректерге сүйенсек, өңіріміздің солтүстігінде оңтүстігіне қарағанда жаңбыр көп жауатындығын ұғынамыз. Биыл мүлде басқаша жағдай орын алды. Айыртаудың бір бөлігі мен Ақжар, Уәлиханов сынды аудандарда қарама-қарсы жақпен салыстырғанда ылғал қоры жоғары. Ал, Тимирязев, Ғ.Мүсірепов пен Айыртау ауданының екінші жартысында көрсеткіш едәуір төмен. Салдарынан астық өсе алмай қалды. Оның үстіне Айыртауда бұршақ жауып, біршама гектар танапты жарамсыз күйге түсірді.
Астықтың өсуіне қуаңшылық қана емес, түрлі аурулар да кедергі келтіруде. Қазіргі таңда дихандарға семпориоз қиындық тудырып тұр. Дәнді дақылдар арасында кездесетін тат та іскер жандардың уайымына айналды. Аурулардан қорғанудың бірден-бір жолы – егістік алқаптарды фунгицидтік препараттармен өңдеу. Бүгінде мамандар бұл іспен айналысып жатыр. Кейбір агроқұрылымдарда маңызды шаруа аяқталған да екен.
Олег Соловьев, «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары, Аққайың ауданы:
– Биыл өңдеу жұмыстары жүргізілген алқаптардағы астықтың сапасы жоғары болады деп күтілуде. Препараттардан бөлек, ыстық пен соңғы жауған жаңбырлар өнімнің сапасын жақсартты. Мәселен, дән маңызы мен ақуызы көрсеткішін арттырды. Алайда, қамбаға құйылатын сары алтын көлемі жылдағыдан әлдеқайда төмен болмақ. Біз агроқұрылым өкілдерімен үнемі хабарласып тұрамыз. Олардың барлығы орташа, орташадан төмен астық орамыз деген ойда.
Сөз соңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ұсынған ақпармен бөлісейік. Өңір диқандары жазғы дақылдарды 20-22 тамыздан жинауға кіріспек. Ал, жаппай орақ науқаны 28-30 тамызда басталмақ. Алдын ала әзірленген жоспарға сәйкес, ауа райы кедергі келтірмесе шаруаларымыз күніне 140 мың гектар жерде өсірілген өнімде орады. Мұндай қарқынмен күзгі жиым-терім жұмыстарын 28-30 күнде аяқтауға мүмкіндік бар.
Байболат Култанов