Өңірде мал азығы мен азық-түлік жәрмеңкесі өтті

Аптадағы маңызды жаңалықтар

9:58 22 Шілде 2021

Мамлют ауданына қарасты Краснознаменное селосында ерекше жәрмеңке өтіп жатыр. Бұл жолы азық-түліктің орнына арзан бағамен жем-шөп, отын және көмір саудалануда. Тұрғындар орталыққа көптеп жиылды. Барлығы қолжетімді бағамен қажетті дүниесін алуға келген. Бірақ, жәрмеңкеге келген адам тезірек керек затын алып үлгеруі қажет. Себебі, көзді ашып-жұмғанша бәрі таусылып қалады.

Көпшіліктің таласына шөп түсті. Себебі, бір орамы небәрі 5 мың теңгеден саудалануда. Ешкімге ренжіш болмас үшін әр отбасыға 1 тоннадан сатылды. Әр орам – 300-350 келіден. Майра Жанбекова жәрмеңкеде арзандатылған бағамен 3 орам шөп алып үлгерген екен. Нәзікжандының сөзінше өзге жерлерде 1 тюк 7 мың тұрады.

Майра Жанбекова, Краснознаменное селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– 3 тюк алдық. 5 мың теңгеден. Өте арзан. Өзім қой ұстаймын. Осындай жәрмеңке жиі бола берсін. Үйге дейін жеткізіп береді.

Жалпы, жәрмеңкеге 24 тонна шөп әкелініпті. 6 тонна жем, 15 тонна көмір мен 18 текше метр отын саудаланды. Қысқы қажеттіліктің барлығы әдеттегі бағадан 15-20 пайызға арзан.

Искак Насыров, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:

– Жәрмеңкеге ұсынылған барлық тауар сатылып кетті. Мәселен, орташа есеппен алғанда 1 тонна шөпті әдетте 20 мың теңгеден сатады. Ал жәрмеңкеде оның құны – 15 мың. Сондай-ақ, жемнің 1 тоннасы небәрі 40 мың теңгеге сатылды. Қалған жерлерде оның құны 60 мыңнан асады. Көмір – 1480-ге, ал отынның 1 текше метрі 7 мың 500-ге саудаланды.

Ал бұл – Смирново селосы. Таңсәріден аққайыңдықтардың көбі орталық алаңға жиналуда. Мұнда да жәрмеңке өтіп жатыр. Бірақ, мұндай іс-шара жергілікті тұрғындар үшін таңсық дүние емес. Себебі, аталған елді мекенде ауыл иісі бар табиғи әрі арзан өнімдер әр апта сайын сатылымға шығарылады. Дегенмен, жәрмеңкеге адам көптеп жиналады. Тіпті, қала тұрғындары да осында келіп, қажетті азық-түліктерін сатып алып жатыр. Солардың бірі – Әсия Ағзамова. Нәзікжандының сөзінше мұндағы тауар қаладағыға қарағанда әлдеқайда арзан.

Әсия Ағзамова, қала тұрғыны:

– Картоп, пияз, сәбіз алып жатырмын. Бағалары оңды екен. Қалада сәбіз 500 теңге тұрады. Мұнда – 300 теңге. Ар жақтан жұмыртқа, қаймақ, сүт аламын.

Жәрмеңкеде сатылып жатқан өнімдердің құны дүкендегіден 15-20 пайызға арзан. Мысалы, сиыр етінің орташа бағасы – 1900 теңге, жұмыртқаның 10 данасы – 200, картоптың келісі – 175, ал бір келі сары май 2 жарым мың теңгеге ұсынылып отыр. Аққайың ауданының орталығына арнайы келген өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов өнімдердің бағасын бағамдады.

Сондай-ақ, жәрмеңкеде азық-түлікпен қоса жем-шөп пен отын да қолжетімді бағамен сатылымға қойылған. Мұндай тиімді мүмкіндікті мал шаруашылығымен айналысатын Сейітбек Үсенов пайдаланып қалыпты. Ер адам арзандатылған бағамен 8 орам шөп сатып алған.

Жәрмеңкеден кейін өңір жетекшісі жергілікті аграрилермен кездесті. Құмар Ақсақалов оларға мал азығының бағасын өткен жылғыдай сақтап қалуға тапсырма берді. Яғни шөптің 1 тоннасы 15 мың теңгеден аспауы тиіс.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарды шөппен қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы мал азығының бағасы өткен жылдан жоғары болмауы тиіс. Қыс кезінде ешқандай қиындықтар туындамауы қажет. Өздеріңіз көріп отырғандай, оңтүстік жақта жем-шөп жетіспей жатыр. Күз кезінде оларға да қолғабыс етуіміз керек. Сондықтан, алдағы мақсат – қысқыға азықты көптеп жинау.

Аққайыңдық аграрилердің сөзінше жаздың жартысы құрғақ болғанымен, малға деген азықты жинап алыпты. Тіпті, жергілікті тұрғындарға 3 тоннадан таратып берген екен.

Біржан Шаймерденов, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Бүгінге дейін әр отбасыға 3 тоннадан шөп берілді. Орақ науқаны аяқталғасын ауылдағы ағайынға 2 тоннадан арпа таратып бермекшіміз. Жалпы, біздегі жағдай жаман емес.

Аққайың ауданында шөпті шүйгін деуге келер. Алайда, жәрмеңкеде айтылғандай, Айыртау, Тимирязев пен Ғ.Мүсірепов аудандарында шөп аздық ететін көрінеді.

Дана Ешкенова

Бұдан әрі оқыңыз

Ақсап тұрған жол сапасы әкімдік отырысында айтылды
Өңірге келген Сенат депутаттары бірқатар нысандарды аралады
Облыс әкімі онлайн қабылдау өткізді
Қызылжарлық диқандар орақ науқанына қамдануда
Өңірде «Северный бройлер» құс фабрикасы салынып жатыр
Облыстық әкімдік отырысында сумен қамту мәселесі талқыланды
Өңірге жұмыс сапарымен Аризона университетінің өкілдері келді
Сенаторлар М.Жұмабаев ауданында болды
Өңірге іс-сапармен Мәжіліс депутаттары келді
СҚО вакциналанғандардың саны бойынша алда келеді
Құс тұмауының алдын алу бойынша шаралар жүргізілуде
Агроғалымдар орақ науқанына қатысты болжаммен бөлісті