Аптадағы маңызды жаңалықтар

Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылды

“Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылды”,- деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли. Мұндай шешім Президент әкімшілігінің тексерісінен кейін қабылданып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айының соңында республикалық басылымдардың бірінде оңтүстік өңірлерден көшіп келушілерге арнап салынған тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейтіндігі туралы мақала жарық көрген болатын. Бұл материалдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев тексеру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді. Тексерулердің қорытындысы бойынша газетте жазылған деректер расталған. Қазіргі таңда Үкімет пен облыс әкімдігі анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарымен айналысуда. Ал, ұйымдастыру жұмыстарында олқылықтарға жол бергені үшін Айыртау және Есіл аудандарының атқамінерлері қызметтерінен босатылды. Сонымен қатар, салаға жауапты облыс басшысының орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі облыстық басқарманың басшысы және бес ауданның әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Байболат Култанов