Білім

Мектеп оқушылары 4-ші тоқсанға аяқ басты

Бұған дейін үйлерінде болып, қашықтықтан оқыған оқушылар / бүгін 4-ші тоқсанды дәстүрлі форматта бастады. Өңіріміз “жасыл аймақта” болғандықтан барлық мектептердің жұмысы толығымен жанданды. Бірақ, әр сыныпта балалар 25-тен көп отырмауы керек.

Бұл қоңырауды Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 6-шы сынып оқушылары биылғы оқу жылында алғаш рет естіп отыр. Себебі, олар бүгінгі күнге дейін үйлерінде болып, қашықтықтан білім алды. Бір-бірін, аяулы да ардақты ұстаздарын тек интернет-платформа арқылы ғана көрді. Ал бүгін бетпе-бет көрісуде. Әрқайсысының жүзінен мектепті, құрбы-құрдасын сағынғаны байқалады.

– Мектепте оқу әлдеқайда оңай және қызық. 35 Себебі, достарыммен көрісемін, мұғалім бетпе-бет сабақ беріп, тарауды жақсырақ ұғынамыз.

– Қашықтан оқу маған ұнамады. Себебі, интернетте ақаулар болды. 33 Бұл менің оқу үлгеріме де қатты әсер етті. Кейде кейбір параграфтарды түсінбей, қалып жаттым.

Тек 6-шы сынып қана емес, 4-ші тоқсанда Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының барлық оқушысы партаға қайта жайғасты. Санитарлық талап қатаң түрде сақталады. Ереже бойынша бір сыныпта 25 баладан көп отырмауы тиіс. Ұл-қыздар дәлізде бетперде тағып жүрулері керек және қолдарын антисептикпен өңдеулері қажет.

Ержанат Бакиров – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының директоры:

–  Кабинеттерде де санитарлық нормалар сақталған, үзілістерде міндетті түрде желдетіліп, кварцтау жұмыстары жүргізіледі. Балалар топ-тобымен жиналып тұрмас үшін қоңырау кестесі арнайы жасалған. Сыныптар өздеріне берілген қоңырау уақытында шығып, демалады.

Мектеп мұғалімдерінің сөзінше, 4-ші тоқсан қарсаңында ата-аналар арасында түсіндіру жұмысы жүргізіліп, балалар сәуір-мамыр айларында дәстүрлі форматта оқитындығы айтылған. Бұл өзгеріске бірде-бір адам қарсылық танытпапты. Яғни, барлығы ұл-қыздарының қалыпты тәртіпте оқуларына келісім берген.
Айта кету қажет, бүгінгі таңда Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында 480 бала білім алады.

Алдияр Айтпаев