Халық тарих толқынында

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жүргізілуде

Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау қажет. Мұндай тапсырманы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың мамырында жүктеген болатын. Бұл ауқымды жұмысты атқару үшін мемлекеттік және өңірлік комиссиялар құрылды. Сталиннің саясатынан жапа шеккен жандарды реабилитациялау ісі жергілікті архив мамандарымен белсенді жүргізілуде.

Қазақстан тарихында әлі зерттелмеген, сыры ашылмаған кезеңдер жетерлік. Солардың бірі – ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы. Тоталитарлық жүйеден әр түрлі жылдары мыңдаған, тіпті, млн-даған адам зардап шекті. Қазақтың зиялылары, қарапайым мұғалімдер, тракторшылар мен өзге де колхозшылар жазықсыздан жазықсыз сотталып, абақтыға қамалды, ату жазасына кесілді. Жылдар өте келе жалған жала жабылғандар ақтала бастады.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

 

2012 жылға дейін 4 мыңға жуық солтүстікқазақстандық ақталды. Бірақ, кейін тағы бірқатар жерлестеріміздің есімдерін анықтай бастадық. Осылайша тізім 7 мыңнан асты.

Ал 2 мың адамға ең қатаң жаза – ату жазасы кесілді. Бірақ, қуғын-сүргінге ұшыраған 7 мыңнан аса солтүстікқазақстандық – тізімнің тек бір бөлігі ғана. Сталиндік саясатқа жақпай қалған жерлестеріміздің саны әлдеқайда көп болатын. Жыл сайын 10-15 жаңа есімнен анықталуда. Ал биыл қуғын-сүргін құрбандарын реабилитациялау жаңа қарқынмен жалғасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссия құруды тапсырып, ақтаңдақтарды ақтауды жүктеді. Жұмысты жергілікті мұрағат мамандары бастап кетті. Архивист Назерке Рамазанова 58-ші баппен сотталғандардың істерін зерттеуде. Айтуынша, олардың барлығына жала жабылған.

Назерке Рамазанова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің архивисі:

 

– Атбасар, Петропавл, Көкшетау түрмелерінде отырған жандардың тізімдері анықталды. Олардың ісінде Отанға опасыздық жасады, көтеріліс ұйымдастырды, шетелге қашып кетті, тыңшылық жасады деген тараулар бойынша айыпталған.

Құжаттарда сотталғандардың аты-жөні, туған жері, отырған түрмесі сынды ақпарат жазылған. Бүгінге дейін Назерке 58-бап бойынша айыпталған 100 адамның есімін анықтапты. Бұл – тек бір папкадағы алғашқы 20 шақты беттен табылған дерек. Ал мұндай бума-бума қағаздардың саны мұнда аз емес. Архивистер қуғын-сүргін құрбандарының жаңа тізімін жасап, базаға енгізуді көздеп отыр.

Эльмира Садвокасова