Атқарылмаса, жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылатын болады. Петропавлда ғимараттардың төбесін қардан тазалау жұмыстары қарқын алды. Бүгінде пәтер иелері кооперативтерінің 280 төрағасы арнайы мамандарды жалдап, шатырдағы ақ ұлпаны түсіруде. Бұл шаруа оқыс оқиғалардың алдын алу үшін жедел арада атқарылуы тиіс.
Бұл – Алтынсарин көшесінің бойындағы 165-ші үй. Аулада қызу шаруа жүріп жатыр. Арнайы құрал-сайманмен сайланған альпинист мамандар баспаналардың төбесіне мініп, шатырдағы қарды жерге түсіруде. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Вячеслав Самойлов жыл сайын осындай жұмыс жүргіземіз дейді. Себебі, күн жылыса қыс бойы жиналған ақ ұлпа еріп, шатырдың жиегінде мұз сүңгілері пайда болады. Ол адам өміріне қауіпті.
Вячеслав Самойлов – “Удача-2” ТК төрағасы:
– Біз жұмысты ауа райына байланысты жүргіземіз. Температура 0-ге жақындаған уақытта альпинистерді жалдап, үйлердің төбесіндегі қарды түсіре бастаймыз. Шаруаны уақытында атқармасақ, қар еріп, жоғарғы қабаттағы баспаналарға су кіреді. Сондай-ақ, мұз сүңгілері пайда болып, адамдардың басына түсіп кетуі мүмкін.
Бір қарағанда шатырдағы қар шамалы және ешқандай қауіп төндірмейтіндей болып көрінеді. Бірақ, жоғарыға көтерілген кезде көрініс мүлдем басқаша дейді ТК төрағасы Вячеслав Самойлов. Қазіргі күні шатырдағы қардың қалыңдығы тіземен бірдей екен, яғни биіктігі жарты метрді құрайды. Ал оны тазалау үшін де біраз күш пен уақыт кетеді.
Вячеслав Самойлов – “Удача-2” ТК төрағасы:
– Біз тұрғындардан жұмысымызға кедергі келтірмеулерін сұраймыз. Қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында үйдің айналасын қызыл таспамен қоршап қоямыз. Соның өзінде де қауіпті жермен жүре беретін жандар көп. Кейде тіпті бауды қолмен үзіп, өтіп кетіп жатады.
Аталған шаруаның барлығы ПИК есебінен өтеледі. Қазіргі күні осындай 5 қабатты үйдің шатырын тазалау құны орташа есеппен 30 мың теңгені құрайды екен. Бірақ, баға подъезд саны мен аумаққа байланысты өзгереді.
Юлия Андроненко – “Рахат үй” ПИК төрайымы:
– ПИК есебінен алынатын ақша аздық етеді. Атқаратын жұмыс көп. Мәселен, біз төбені ғана тазалап қоймай, шатырдың ішіне де кіріп, бораннан кейінгі жиналған қарды сыртқа шығарамыз. Кейін жерге түскен ақ ұлпаны қаланың сыртына апару қажет болады. Оның барлығы қосымша қаршыны талап етеді.
Синоптиктердің болжамынша аптаның соңына қарай күн күрт жылуы мүмкін. Осы орайда қалалық әкімдік өкілдері ПИК төрағаларына үйлердің төбесіндегі ақ ұлпаны уақытында тазалау керектігін ескертуде. Егер ескерту еленбесе, жауапты тұлғаларға қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
Бердимурат Баймухан