Бүгін – Тарихқа тағзым күні. Осыған орай “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде жастардың қатысуымен іс-шара ұйымдастырылды.
Жиында қара шаңырақтың қызметкері үстіміздегі жылдағы айтулы даталарды шолып өтіп, әрқайсысының мән-маңызына тоқталды. Биыл Абылай ханның дүниеге келгеніне – 310, жыр алыбы Жамбылдың туғанына – 175 және Ыбырай Алтынсариннің туғанына – 180 жыл. Сонымен қатар, тұғырлы Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Кездесуде жиналған қауым сан ғасырлық тарихы бар Наурыз мерекесіне тоқталып өтті. Көпшілікке “Шашу”, “Тұсау кесер” сынды ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілді. Ойындар ойнатылып, қызықты тапсырмалар орындалды. Шара соңында қатысушыларға сыйлықтар берілді. Бұндай квест алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ. Оған кез келген адам қатыса алады.
Назгүл Бейсембина – “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:
– Наурыз мерекесін негізі 10 күн бойы тойлаймыз. Әр күннің тақырыбы бар. Бүгінгі күннің тақырыбы – “Тарихқа тағзым ету”. Басты мақсат – балалардың жүрегіне патриоттық сезімді ұялату, қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін сыйлауға баулу.
Алдияр Айтпаев