Көктемде – 495, ал күзде 500-ден астам сарбаз. Өткен жылы осынша солтүстікқазақстандық жігіт медициналық, психологиялық тексерістен өтіп, азаматтық борышын өтеуге аттаныпты. Өңірімізде Отан алдындағы абыройлы міндетін атқаруға өз еріктерімен ниет білдіретін жастар саны жыл санап артып жатқан көрінеді. Бұған статистика айқын дәлел. Өлкеміздегі оң үрдісті Қорғаныс министрлігі де жоғары бағалапты.
Талғат Әліқұлов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:
– Қазір жігіттерді шекара қызметіне жасақтаудамыз. Жасақтау және әскерге жіберу жұмыстары наурыздың 13-і мен 19-ы аралығында жүргізіледі. Ал 27-ші наурыздан 25-ші мамырға дейін сарбаздарды қарулы күштер қатарына жібереміз. Ұлттық ұланның мамырдың 19-ы мен маусымның 24-сі аралығында 7 топ жөнелтіледі.
Биыл солтүстікқазақстандық 1070 жігіт әскерге шақырту алған. Көктем кезінде олардың жартысына жуығы борыштарын өтеуге аттанбақ.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Көктемгі шақырту кезінде аздап қиындықтар туындайды. Оқу маусымы енді аяқталайын деп жатқандықтан, жігіттердің көбісі әскери қызметке дайын болмай шығады. Сондықтан, борышын өтеуге қатысты қағаз алған студенттердің емтихандарын уақытынан бұрын ұйымдастыру керек. Бұл мәселені білім басқармасына жан-жақты қарастыруды тапсырамын.
Әскерге баруға жарамды, бірақ борышын өтегісі келмейді. Қоғамда ер міндетін орындаудан қашатындар кездеседі. Тіпті, кейбіреулері мекен-жайын өзгертіп, жасырынып жүретін көрінеді.
Иван Турков – СҚО әкімінің орынбасары:
– Облыс бойынша пәтер иелері кооперативтерінде учаскелік инспекторлар жұмыс істейді. Бұл мамандар әскерден қашып жүрген жандарды табуда көмектеседі. Сондай-ақ, жергілікті медициналық мекемелерде шақырушыларды тексеру шаралары да күшейтілді.
“Болашақ Отан қорғаушыларды жіті тексеріп, денсаулығынан бөлек, психологиялық жай-күйін де байқау керек” деп атап өтті облыс әкімі. Жеке құжаттарға да аса мұқият қараған дұрыс. Айта кетейік, әскерге аттанғалы жатқан жігіттерден ПТР-тест алынады. Сарбаздар тиісті жерге жеткеннен кейін тағы бір рет тексерістен өткізілмек. Содан кейін 2 апта бойы карантинге жатқызылады.
Маржан Касымбек