Қалада қар тазалау жұмыстары қыза түсті

ТКШ

22:13 9 Наурыз 2021

Қалада қар тазалау жұмыстары қыза түсті. Облыс орталығында ақ ұлпаны жиып, оны сыртқа шығарумен 20 кәсіпорын айналысады. Дегенмен, соның өзінде IKomek орталығына орталығына түсетін қоңараулар саны толастар емес. Күніне тіркелетін 100-ден астам өтініш-тілектің басым бөлігі қар тазалауға қатысты.

Қар таудай. Бұл – қаладағы 2-ші Колхозный қысқа көшесіндегі көрініс. Осы маңдағы 2-3 баспананың тұрғындары ауласындағы ақ ұлпаны жолдың жиегіне үйіп тастапты. Күн күрт жылып, қар тез еритін болса, Валентина Афанасьеваның үйін су басуы мүмкін.

Валентина Афанасьева – қала тұрғыны:

–  Жылда осы мәселеге тап боламын. Биыл да ақпан айының басында қалалық әкімдікке барып, өтініш білдірдім. Ондағы мамандар «кезегіңізді күтіңіз» деп шығарып салады. Мен тілдескен маман кезектің қашан жететінін де айтқан жоқ. Уақыт өткен сайын жағдай ушығып барады.

75 жастағы жалғызбасты зейнеткер мәселені өздігімен шешуге тырысып көріпті. Қар тазалаумен айналысатын жеке кәсіпкерлерге хабарласқан. Бірақ, олар сұраған ақшаны зейнетақыға қарап отырған қарияның қалтасы көтермейді. Қызмет кұнын нақтырақ білу үшін әлеуметтік желіні біз де шарладық. Мұндай жұмыстың 1 сағаты кем дегенде 10 мың теңге тұрады екен. Бұл – тек баспана маңын тазалау үшін жұмсалатын ақша. Ал ақ ұлпаны полигонға жеткізу үшін тұрғындарға тағы 2-3 есе үстемақы қосуларына тура келеді.

Валентина Афанасьеваның үйінің маңын тазалау үшін Камаз көлігі 4-5 рет келіп, қарды артып әкетуі қажет екен. Жұмсалатын ақшаны есептей беріңіз.

– Соседи не согласны. Нет, нет платно мы не будем. А я что одна.

Қар тазалау жұмыстарына қатысты әкімдіктің өкілдері жауап берді. Айтуларынша, шаруа рет-ретімен орындалып жатыр.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Биыл қар көп жауды. Бір күнде 1 айлық норма жауды. Коммуналдық қызметкерлер 2 ауысым бойынша жұмыс істеуде. Жұмысшы кенті, Ойқала ауданы, Береке, Заречный ықшам аудандарында жұмыс жалғасуда.

Бүгінге дейін аталған аумақтардан қанша текше метр қардың шығарылғандығы туралы ақпарат айтылмады. Белгілісі сол, шаруа әлі де жалғасын табады. Алдағы күндері кезек Колхозный косогор шағын ауданына да жетіп қалар.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Одан бөлек, қазір суағарларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала бойынша 89 шақырым суағар бар.

Тасқынның алдын алу жұмыстары күшейтілді дейді мамандар. Әсіресе, тасқын су қауіп төндіріп тұрған 240 үй орналасқан шеткі ықшам аудандарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оны өткен облыс әкімдігінің отырысында Болат Жұмабеков тілге тиек етті.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл ешқандай үйді су баспайды деп болжап отырмыз. Себебі, алдын алу жұмыстары мықтап қолға алынды. Әсіресе, Қапай шағын ауданындағы қар тазалау жұмыстарына қарқын қосылды. Себебі, онда жылда су жиналып қалады. Биыл мұндай жағдайды болдырмау үшін сорғыш құралын да орнаттық.

Ал жиналған қардың өзі қала сыртындағы 4 полигонға төгіледі.

Маржан Қасымбек

 

Бұдан әрі оқыңыз

“Қызылжар су” серіктестігі өткен жартыжылдықты қорытындылады
Мамлют, Жамбыл пен Есіл аудандарының 18 елді мекені ауызсумен қамтылды
Бескөл тұрғындарын жылу мен су мәселесі алаңдатады
Петропавлдағы көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайын ба
Петропавлда 200-ден астам үй жылыту маусымына дайын
Петропавлда жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр
Қаладағы 60 аулаға балалар ойын алаңқайы орнатылады