МТРА жаңалықтары8 Наурыз

Облыс әкімі әйелдер қауымын 8 Наурыз мерекесімен құттықтады

Салтанатты жиын басталмас бұрын әйелдер қауымы театрдың екінші қабатына жиналды. Бір-бірін біраз уақыт көрмеген нәзікжандылар өзара шүйіркелесіп, естелік суретке түсіп жатты. Әр азаматшаның қолында – көптен күткен мерекенің сәнін келтіретін гүл шоқтары.

Көктем – әсемдік, сұлулық пен нәзіктіктің мезгілі деп бекер айтылмаған. Себебі, дәл осы шуақты күндері бүкіл әлемнің ханымдары ортақ мерекелерін атап өтеді. Қазіргі заманда әйелдердің қоғамдағы рөлі орасан зор. Әрқайсысы еліміздің дамуына өзіндік орны бөлек үлес қосып жүр. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің құттықтау сөзінде ерекше атап өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қоғамда ананың рөлі ерекше екенін жақсы түсінемі. Ана болу ең қиын да ең маңызды да мамандық десекте артық болмас. “Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” дейді біздің қазақ. Шынымен де қай саланы алмасақ та нәзікжандылар ер адамдардан қалмай елдің дамуына өз үлестерін қосуда. Осы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

8 Наурыз мерекесін адамзат әлемдегі “Ана” деген ең әдемі сөзбен байланыстырады. Үш әріптен ғана тұратын сөз шексіз махабат пен мейірімді білдіреді. Бүгін салтанатты жиын барысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Президент жарлығымен көпбалалы 5 анаға “Күміс алқа” табыс етті.

Роза Исаева – 6 баланың анасы. Өзі де, жолдасы да көпбалалы отбасыдан шыққан. Сөзінше үлкен жанұяның ұл-қыздары бір-біріне бауырмал боп өседі. “Әр сәби өз несібесімен туылады”,- дейді.

Роза Исаева – «Күміс алқа» белгісінің иегері:

– Ана болу – ең керемет бақыт деп санаймын. Үлкен ұлым 23-те жұмыс жасайды. Кішкентайым 1 жаста. Бүгін міне осындай облыс әкімнің қолынан “Күміс алқаға” ие болып жатырмын. Көп рахмет.

Халқымызда “Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді” деген сөз бар. Шынымен де бүгінде қай саланы алсақ та ер азаматтармен иық тірестіріп жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Мереке қарсаңында өңірдің дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматшалар да ескерусіз қалмады. Олардың бірқатарын аймақ басшысы Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады. Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі Самал Асылбаеваға Құрмет грамотасы табыс етілді. Нәзікжандының өнер жолында жүргеніне биыл – 20 жыл. Осы аралықта талай белестерді бағындырып, түрлі халықаралық байқауларда үздік атанған.

Самал Асылбаева – Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі:

– 2000 жылдан бастап Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінде қызмет етемін. Аудандық, облыстық және республикалық шараларға әрдайым қатысып тұрамыз. Бүгін мереке қарсаңында құрметке бөленіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Өте қуаныштымын.

Марапаттау рәсімі аяқталған соң мерекелік жиын концертке ұласты.

 

 

 

 

 

Дана Ешкенова