Әр түрлі

Мониторингілік топ студенттік жатақханаларды аралауды жалғастыруда

Студенттердің қандай өтініш-шағымдары бар? Қазіргі жағдайға байланысты санитарлық талаптар сақталған ба? Арнайы мониторингілік топ жатақханаларды тексерулерін жалғастыруда. “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің өкілдері  жасотандықтармен бірлесіп жыл басынан бері осымен 3-ші тексеру шарасын ұйымдастырды.

Тікелей эфир қосылды, алдағы жоспар таныстырылды. Алғашқы нысан – Kozybayev университетінің 3-ші жатақханасы. Қазір мұнда 250 студент тұрады. Нысанда барлық санитарлық талаптар сақталған. Бір бөлмеде – 2 адамнан. Әр бұрышта санитайзерлер орнатылған. Кейін дәліз, жуынатын бөлме, оқу залы және кір жуатын орын да тексерілді. Олқылық анықталған жоқ. Бәрі – тап-таза.

Жатақханадағы асхана да назардан тыс қалған жоқ. Ас әзірлеу бөлмесіндегі электр плиталар кешкі 10-ға дейін жұмыс істейді. Асхананы таза ұстау үшін студенттер күнде кезек-кезекпен жуып тұрады.

Альмира Қанаева – Kozybayev University студенті:

– Бөлме ішінде электр тоғына қатысты ереже қатаң. Сондықтан, асханаға келіп, тиісті шаруаны тындырамыз. 00:54 Жатақхана өзімізге қолайлы. Бөлме іші жылы. Бәрі ұнайды.

Бөлме іші шынымен де жылы. Шамамаен 2 жыл бұрын нысанда жөндеу жұмысы жүргізілген. Ғимарат жақсылап қапталған. Студенттердің айтуынша, тіпті, қақаған аязда да суық мүлде сезілмейді. Сондай-ақ, шәкірттер бос уақытында жатақханада үстел теннисін ойнай алады. Ал wi-fi-дың көмегімен сабақ оқиды.

Дәл осындай тексеріс университеттің №1 жатақханасында да жүргізілді. Мұндағы тұрмыс жағдайы да көңілден шығады.

Ирина Тухватулина – Kozybayev University тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті директорының міндетін атқарушы:

–  Университет жатақханаларында 1-ші, 2-ші және 3-ші курс студенттері тұрады. Шәкірттер онлайн және аралас форматта білім алуда. Талап бойынша нысандардың барлығы тек 50%-ға ғана толған.

Жалпы, бүгінде Kozybayev университетінің барлық жатақханаларында 700-ге жуық студент тұрады.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Қос жатақханада да бұзушылық анықталмады. Нысан іші таза, бөлме іші жылы. Асханаларында да тиісті жағдай жасалған. Студенттер тарапынан еш шағым болған жоқ. Өтініштері болса, оны ғимарат ішінде орнатылған сенім жәшігіне салуға болады. Кейін университет өкілдері оны тез арада біржақты етулері тиіс.

Бұл – жыл басынан бері «Qyzyljar – adaldyq alańy» мен “Jas Otan” жастар қанаты өкілдерінің бірлесе ұйымдастырған 3-ші мониторингі. Өткен аптада мамандар шаһардағы 2 колледждің жатақханаларына тексеріс жүргізген болатын.

Жанна Бисенова