Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі салған картина кітапқа басылып шықты. Жергілікті қылқалам шебері Кеңес Одағының батыры, пулеметші Мәншүк Мәметованың бейнесін қағаз бетіне түсірді. Суретті салуға өнер иесі 1 айға жуық уақытын жұмсаған. Портрет балаларға арналған “Super қыз” кітабында жарық көрді.
Нәзік әрі қатал, кербез қылықты, бірақ батыл. Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованы суретші Әлия Мұқышева ерекше үлгі тұтады. Балаларға арналған «Super қыз» кітабына иллюстратор керек дегенді естігенде, өнерлі жан бірден келісіп, пулеметші қыздың портретін салуды шешкен. Жобаны орындауға 1 ай уақыттың өзі көп болмаған. Оның тең жартысы картинаны салуға емес, қазақтың батыр қызын танып-білуге, зерттеу жұмыстарына жұмсалыпты.
Әлия Мұқышева – Химия-биология бағытындағы НЗМ өнер мұғалімі, суретші-иллюстратор:
– «Алдымен интернетті ақтарып, Мәншүк Мәметова туралы бүкіл мағлұматтарды оқуға кірістім. Әрбір жазба мен мақаланы жіті зерттедім. Бірақ, пулеметші қыздың тұлғасы мен мінез-құлқын тани алмадым. Сондықтан, ізденісімді кітапханада жалғастырдым. Мұнда «Мәншүктің жұлдызды сәті» кітабын тауып, оны толық оқып шықтым. Еңбекті батырмен бірге бір полкта соғысқан жауынгерлер жазған екен. Туындыда оның бейнесі өте айқын суреттелген.
Кітап иллюстраторларына бірнеше талап қойылған. «Супер қыз» кітабы мектеп жасындағы оқушыларға арналғандықтан, картина да көрген адамға позитивті әсер сыйлауы қажет. Яғни, портретте агрессия, ашу, күйзеліс пен қайғыға орын жоқ. Соғыстың нағыз қызған шағын, әскер қатарына 20 жасында өз еркімен сұранып барған қыз бен оның қасық қаны қалғанша немістерге қарсы тұрғанын позитивті тұрғыдан суреттеу оңай емес. Бірақ, иллюстратор Әлия Мұқышева елі үшін жанын пида еткен пулеметшінің батырлығын бойжеткенге тән нәзіктігімен ұштастыра білді.
Әлия Мұқышева – Химия-биология бағытындағы НЗМ өнер мұғалімі, суретші-иллюстратор:
– Мәншүкті біз өте жауапкершіл, өз айтқанынан қайтпайтын, достыққа берік, батыл әрі ақылды қыз ретінде танимыз. Бірақ, ер жігіттермен бірге иық тірестіріп, жауға қарсы тұрғанымен, ол өзінің нәзіктілігі мен кербез қылықтылығын жоғалтқан емес. Қаруластары пулеметшіні ерекше құрметтеп, лебіздерін білдірген. Жауынгерлер бірде Мәншүкке бәйшешек гүлдерін сыйға тартыпты.
Балаларға арналған кітапты әзірлеуге Қазақстан бойынша 37 суретші қолғабыс еткен. Өнерлі жандар еліміз үшін тарихи маңызды тұлғалардың портреттерін бейнелеген. Туындыда Кіші жүзді басқарған Әбілқайыр ханның әйелі, дипломат Бопай ханым, қазақтың талантты дәрігер қызы Аққағаз Досжанова, 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған жерлесіміз Самал Есләмова туралы да жазылған.
Эльмира Сәдуақасова