Салғырттықтың салдары аянышты аяқталуы мүмкін. Жаңа жылға шатыр-шұтыр еткен отшашу сатып алуға да жауапкершілікпен қарау керек. Осы орайда мамандар пиротехникалық затты қолдан емес, арнайы орындардан алу қажет дейді. Яғни, сапалысын, тиісті құжаты барын сұрастырып, кейін оны қолданғанда қауіпсіздік ережесін де ұмытпаңыз. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері журналистерге бүгін осы жайында баяндады.
Өңір тұрғындары пиротехникалық заттарды, әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында көп сатып алып жатады. Бірақ, оларды қолданған кезде аса абай болған жөн. Себебі, адам 1-2 минуттық шаттыққа кенелемін деп өз денсаулығына немесе айналасындағыларға зиян келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайлар елімізде бірнеше мәрте тіркеліпті.
Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Соңғы 2 жылдың ішінде елімізде пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбаудың салдарынан 10 бірдей өрт оқиғасы орын алды. Келтірілген шығын көлемі 1 млн теңгені құрайды. Оқыс жағдайлар кезінде адам шығыны тіркелмеді. Тек 30 тұрғын түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Олардың барлығына дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Нұрлан Атығаев айтып отырған 10 төтенше жағдайдың бірі Петропавлда орын алыпты. 2018 жылдың 1-ші қаңтары, түнгі сағат 00:24-те Шухов көшесінде орналасқан 36-шы үйдегі пәтерлердің біріндегі балконнан от шығады. Мұнда мерекені дүркіретіп тойлап жатқан тұрғындар пиротехникалық затты дұрыс қолданбаған екен. Салғырттық өрт оқиғасына алып келген. Абырой болғанда мамандар дер кезінде жетіп, тілсіз жауды ауыздықтаған. Бұндай төтенше жағдай туындамас үшін тиісті ережені ұмытпау керек.
Дмитрий Растихин – Петропавл қаласы ТЖБ бастығы:
– Отшашуларды ешқашан қолдан алмаңыздар. Пиротехникалық заттарды арнайы дүкендерден сатып алған жөн. Оның үстіне мерекелік жанғыш және жарылғыш дүниелер арнайы ережеге сай жағылулары керек. Мысалы, нысаннан 50 метр қашықтықта орналасуы міндетті. Бұдан бөлек те талаптар бар. Олар отшашулардың сыртында жазылған. Міндетті түрде оқып, танысып алыңыздар. Бұл аса маңызды.
Осы орайда пиротехникалық заттарды заңсыз сататындардың құлағына алтын сырға. Желтоқсанның 18-інен мамандар рейд шараларына кіріспек. Ережені елемей, саудамен айналысқан жандар анықталса жазаға тартылады. Мәселен, оларға 90, 190, 300 және 600 АЕК көлемінде айыппұл салынады әрі бар мүлкі тәркіленеді.
Әлишер Жармағамбетов – Петропавл қаласы ПБ аға инспекторы:
– Өткен жылдың 18-ші желтоқсаны мен 2019-дың 3-ші қаңтары аралығында 70-ден аса тексеріс жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде 13-тен аса әкімшілік хаттама толтырылды. 749 дана пиротехникалық зат тәркіленді. Көбінесе базарларда заңсыз сауда-саттық фактілері тіркеліп жатады. Сондықтан, абай болыңыздар.
Жиында сапалы, арнайы құжаты бар тауарды қайдан алу жайы айтылды. Сөйтсек, біздің қаламызда мұндай дүние бірен-саран жерде сатылады екен. Тағы, шарада мамандар шыршаға ілінген гирлянділерді бақылау, жағылған күйінде қалдырмау жайына да тоқталды.
Байболат Култанов