Петропавл вокзалындағы жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы нысанда жеделсаты орнатылмақ. Енді ауыр жүкті арқалап 3-ші қабатқа дейін көтерілмеуге болады. Өзгеріс ғимарат алдында да орын алмақ. Алаң аббаттандырылып, автобус аялдамасы жақындатылады. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов Оңтүстік-Орал темір жолы өкілдерімен өткізген жиын барысында баяндады.
Өзге қалалар мен шет елдерден келген қонақтар ең алдымен әуежай мен теміржол вокзалына аялдайды. Соңғысының жағдайы жолаушыларды тәнті етпейтіні түсінікті. Нысанның сырты бүтін болғанымен, іші мүлдем басқа күйде. Ғимарат 66-жылы бой көтерген. Содан бері жөнді жаңғырту жұмыстары жүргізілмепті.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мен еліміздегі теміржол вокзалдарына сараптама жасап көрдім. Қарап отырсақ, Петропавлдағы нысанда ғана үшінші қабатқа дейін жаяу көтерілу керек екен. Яғни, эскалатор мен лифтілер жоқ. Ауыр жүктерін арқалаған жолаушылар үстінгі қабатқа жаяу көтеріліп, кейін дәл солай қайта төменге түседі. Ал, баспалдақтардың ені тар. Өте ыңғайсыз.
Оңтүстік-Орал темір жолының өкілдері жағдайдан әлбетте хабардар. Мамандар қол қусырып отырған жоқ. Компания жолаушылар үшін де барынша қолайлы жағдай жасамақ ниетте. Былтыр және биыл вокзалдағы жұмыстарға 870 млн теңге бөлініпті. Келесі жылы бастау алатын ауқымды шаруаға ресейліктер 2 млрд теңгеден аса қаржы қарастыруда. Ауыз толтырып айтарлық жұмыстың бірі жеделсатыларға қатысты. Пойызға шығатын алаңда 2 лифт орнатылады.
Пётр Мелашенко – Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің бастығы:
– Жоба дайын. Сараптамадан өтті. Енді жыл соңына дейін байқау жариялап, мердігерді табу қажет. Біз жаңғырту жұмыстарын толықтай өз қаржысына жасай алатын компанияны іздестіреміз. Себебі, қаржы саясатына сәйкес, біз ақшаны шаруа аяқталып, қабылданғаннан кейін 60 күн өткен соң төлейміз.
Теріскейлік тарап та өз кезегінде қарап қалмақ емес. Вокзалды абаттандырып, ретке келтіру бойынша жұмысты жергілікті атқарушы билік өз мойындарына алып отыр. Мәселен, алаңның көркін қашырып тұрған сауда павильондарының мәселесі түбегейлі түрде шешіледі. Келесі жылы дүңгіршіктердің бірі де қалмайды дейді облыс әкімі. Оның орнына жасыл желек егіліп, фонтан жұмыс істейді. Осылайша, нысанның алды адам танымастай өзгереді. Жолаушылар үшін тағы бір жағымды жаңалық – ол аялдаманың жақындатылуы. Жүкті арқалап алысқа барудың қажеті туындамайды. Автобустар вокзалға жақынырақ аялдамақ.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Үкімет қаулысына сәйкес Петропавлда арнайы экономикалық аймақ құрылатын болады. Шаһарда 4 субаймақ жұмыс істемек. Яғни, инвесторлар қаланың әлеуеті жоғары ауданын таңдай алады. Ол ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу мен құрылыс материалдарын, жиһаз, электроника және машина жасау сияқты өндіріс түрлерін қамтитын болады. Экономикалық аймақ өзге облыстар пен алыс-жақын шетелден инвесторларды тартуға септеспек.
Экономикалық аймақтың бизнесмендер үшін тиімділігі мынада – оларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, Оңтүстік-Орал темір жолы филиалының жергілікті бөлімшесі жылына 6 млрд теңгедей салық төлейді екен. Енді оның көлемі едәуір азаймақ. Екі күн бұрын белгілі болған жаңалық инвесторлардың келуін көп күттірмеді. Қалталы азаматтар қазірден-ақ қызығушылықтарын білдіріп жатыр. Яғни, алдағы уақытта вокзалдың қабылдайтын жолаушылар саны да едәуір артады. Алыс-жақын шетелден келетін мамандарды тиісті деңгейде қарсы алу қажет дейді аймақ басшысы.
Эльмира Садвокасова