Қоғам

ЖОО студенттері үшін жолақы жеңілдігі болмауы мүмкін

“Отандық 4 шаһардың студенттері қоғамдық көлікте жеңілдікпен қатынай алады. Олар үшін жолақы небәрі 20 теңгені құрамақ”. Бұл жаңалық жастарды дүрліктірсе, петропавлдық тасымалдаушыларды әбден састырды. Олармен ешкім келісім жасаспаған. Әрі автобус иелері студент жастарды небәрі 20 теңгеге тасу тиімсіз дейді.

“Хэй, достар! Біздің сіздерге жағымды жаңалығымыз бар! ЖОО-лардың студенттері Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Петропавл қалаларындағы қоғамдық көлікте 20 теңгеге қатынай алады. Мұндай ақпаратты Елорда Инфо агенттігі беріп отыр.

Желідегі мұндай сан түрлі жазбаларды оқыған жергілікті университет студенттерінің қуанышында шек жоқ. Ал акция айналып өткен колледж бен мектеп білім алушылары болса, керісінше наразы. Жаңалық қазір қызу талқыда. Жолға енді 4 есе кем ақша жұмсаймыз деп студенттер қауымы мәз-мейрам.

Богдан Петров – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы:

– Студенттер кем дегенде күніне 2 рет автобусты қолданады. 160 теңгенің орнына 40 теңге төлеу бізге өте үнемді. Өте қуаныштымыз!

Ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сүйенсек, бұл бастама отандық ұялы байланыс операторларының біріне тиесілі. Небәрі 20 теңгеге қатынау үшін оның жаңа тарифіне қосылу керек екен.

Саят Ермек – тілші:

– Сондай-ақ, арзан жолақыны тек 2, 4Т, 4А және 14 автобустарында QR-код немесе СМС арқылы ғана төлеуге болады екен. Ол үшін жаңа тарифке қосылып қана қоймай, арнайы қосымшаны да жүктеу керек екен.

Бірақ, қуануға әлі ерте. Резонансты жаңалықтан петропавлдық тасымалдаушылар тіпті хабарсыз болып шықты. Мән-жайды олар жұртпен бірге желіден біліпті. Манағы ұялы байланыс операторымен біз ешқандай келісімге келген жоқпыз дейді олар.

Саят Ермек – тілші:

– Байланыс операторы осылайша жаңа қызметін жарнамалауды шешкен болар. Десе де, қос тарап қазір келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Сондықтан, көп кешікпей университет студенттерінің бірқатар автобустармен арзанға қатынау мүмкіндігіне ие болуы ғажап емес.

Саят Ермек