Спорт

Аулалық клубтар футболдан өзара мықтыны анықтады

Шынықсаң шымыр боласың. Бүгін аулалық клубтар арасында футболдан “Street champions cup 2019” атты финалдық кездесу өтті. Іріктеуі  демалыс күндері ұйымдастырылған тартысқа жалпы саны 10 құрама қатысқан екен.

Алаңда – Сәтпаев көшесінде тұратын бозбалалардан құралған «15-регион» мен Назарбаев көшесінің атынан шыққан «ДК Сильный» құрамалары. Қос тарап берілген 20 минутта түрлі айла қолданып ұпай еселеуге бар күштерін салып жатыр. Есеп 1 де 1 болды. Бұдан кейін екі команда да шабуылдар жасап, қақпаға жойқын соққылар бағыттағанымен нәтиже шықпады.

Роман Каминский, «15 регион» командасының капитаны:

-1-таим аяқталды. Қарсылас команда жақсы ойнауда, әзірге тең көрсеткішпен келе жатырмыз. Финалға дейін 3 кездесуде де жеңген болатынбыз. Негізі, осы құраммен шағын фубол турнирлеріне қатысып жүргенімізге 2 жылдай болып қалды. Айтарлықтай жетістіктеріміз бар.

Екінші тайм басында Сәтпаев көшесінің жігіттері біраз осалдық танытып, есе жіберіп алды. Бірақ, айырмашылық көп ұзамай теңелді. Сөйтіп, негізгі уақыт бойы екі жақ та ұпай еселей алмай, бірдей ойын нәтижесін көрсетті. Бұдан кейін қосымша 5 минут беріліп, үздік команда анықталды.

Дархан Теміртас, «Modern Qazaqstan» ҚБ өкілі:

– Алаңдағы жігіттер арнайы мектептерге барып дайындалмайды, тек бос уақыттарын тиімді өткізу үшін допты серік етіп өз аулаларында ойнайды. Бүгін біз осындай клубтар арасындағы жарыстың финалдық кездесуін ұйымдастырып жатырмыз. Мақсат – жастарды спортқа, соның шінде футболға баулу.

Финалдық кездесу нәтижесінде Назарбаев көшесінің атынан шыққан «ДК Сильный» құрамасы жеңіске жетті. Қос командаға медальдар мен кубок табыс етілді.

Актолкын Солтанханкызы