Туризм

Изумрудное” демалыс орны өз жұмысын бастады

Қаладағы күйбің тірліктен тынығамын дегендер үшін құлаққағыс! Айыртау ауданында сужаңа демалыс орны жұмысын бастады. “Изумрудное” базасы бір мезетте 80 адамды қабылдай алады. Кешенді жергілікті кәсіпкер өз қаржысына тұрғызған.

Александр Воронов – тәжірибелі бизнесмен. Ауыл шаруашылығы саласының тұтқасын ұстаған азамат, енді екінші кәсібін де қолға алыпты. Бір жыл бұрын ол «Изумрудное» туристік базасының құрылысын бастаған. Биыл демалыс орны келушілерге есігін айқара ашты. Кешен бір мезетте 80-ге жуық адамды қабылдауға қауқарлы. Тынығамын дегендерді сұлу табиғат пен мөлдір судан бөлек, іші жайлы, жылы баспана күтіп тұр. Су жаңа коттедждерге кірсең, өзіңді үйде жүргендей сезіме боласың. Себебі, мұнда қажеттінің барлығы бар.

Александр Воронов – «Изумрудное» демалыс базасының директоры, Айыртау ауданы:

– Өңірдегі туризмді дамытып, адамдардың тынығуына жағдай жасау мақсатында осы демалыс орнын аштым. Бұл мақсатқа жеке өзімнің 80 млн теңге көлеміндегі қаржымды құйдым. Нысандардың барлығы келушілер үшін сапалы тұрғызылған. Мен бұған баса мән беремін. Аймақта монша да салдық. Қазір ауа райы салқын болса да туристер ағылып жатыр. Коттеджердің бағасы 10 мыңнан 25 мың теңгеге дейін жетеді.

Мұндағы аумақ үлкен емес. Кәсіпкер әрбір жерді тиімді пайдаланбақ ниетте. Демалушыларды көбірек қабылдау үшін ол алдағы уақытта мұнда 2-3 қабатты үйлердің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Себебі, енді ғана ашылған туристік базаға сұраныс күн әжептәуір артып келеді. Мәселен, қазір 7 коттедждің тек біреуі ғана бос тұр. Қалғандары тынығушыларға лық толы. Айыртаулықтардан бөлек, демалыстарын өзге де аудан тұрғындары тиімді өткізуде.

– Біз мұнда екі күн бұрын келдік. Табиғат, мөлдір су, таза ауа. Бәрі керемет. Өте қатты ұнады. Тіпті, кеткіміз де келмейді.


– Туристік база туралы интернеттен білдік. Бағасы қолайлы болғандықтан, Новоишимка селосынан 20-ға жуық адам келдік. Биыл біздің балаларымыз мектеп бітіріп жатыр. Қымбат мейрамханаға барғанның орнына, табиғат аясына шығуды жөн көрдік.

Шалқар көлінің жағасында орын тепкен демалыс базасы қаладағы күйбің тірліктен тынығамын дегендерді жыл он екі ай қабылдайтын болады.

 

 

Эльмира Садвокасова