Жас палуандардың бәсекесі! Петропавлда грек-рим күресінен 2007-2009 жылғы туылған балалар арасында облыс біріншілігі ұйымдастырылды. Чемпионатқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған 100-ге жуық өрен қатысты. Олар өзара тартысты бәсекелер өткізіп, спортсүйер қауымның делебесін қоздырды.
Солтүстік Қазақстан – білікті палуандардың мекені. Бұл жерде ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген талай грек-рим күресі шебері туылды. Міне, солардың ізбасарлары қаз-қатар тізіліп тұр. Олар қазір өзара күш сынасатын болады.
Көп кешікпей жарыс та басталды. Қазір “А” кілемінде 26 келі салмақ дәрежесіндегі жамбылдық Әмір Кенжеболла мен жергілікті спортшы Әділ Хасенов күресіп жатыр.
Бұл кездесудің мықтысы бірден анықталды. Бәсекенің басында Әмір тамаша әдіс жасап, қарсыласын алып ұрды. Артынша Әділдің қолы мен белінен қысып, оны шыр көбелек айналдырды. Осылайша 10-да 2 есебімен жеңіске жетті.
Әмір Кенжеболла – жарысқа қатысушы, Жамбыл ауданы:
– Мен жарысқа күшімді салып дайындалдым. Күреске 3 жыл қатысып жүрмін. Қарсыласым мықты болды. Оған жамбаспен накат істеп ұттым.
Мұнымен тартысты кездесулер аяқталмады. Бозкілемге шыққан әрбір бала грек-рим күресінің әдістерін жасап, жарыстың көркін қыздырды. Жалпы, облыс біріншілігі 2007 және 2009 жылдар аралығында туылған өрендер арасында өтіп жатыр. Сайысқа 100-ге жуық спортшы қатысуда. Олардың бірсыпырасы өңіріміздің 5 ауданынан келсе, қалғаны – петропавлдық палуандар.
Мейрам Хамзин – жарыстың бас төрешісі:
– Бұл жарыстың мақсаты – жасөспірімдерді болашаққа дайындау. Қазіргі кезде 15 жасқа дейінгі балалар арасында әлем чемпионаттары өтеді. Сондай жарыстарға палуандарды даярлау үшін осындай жарыстарды өткіземіз. 00:18 Бұл палуандар – біздің болашағымыз. Облыстың тірегі. Күресті енді бастап келе жатқан палуандар.
Чемпионат соңында топ жарған үздіктер анықталып, медаль және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Байболат Култанов