Сапасыз атқарылған жұмысты қалыпқа келтіру – мердігерлердің мойнында! Өткен жылдары ғана жөнделген 5 көшеде бұл шаруа қайтадан атқарылуда. Кәсіпорындар шұрық-тесік жерлерді енді өз қаражаттарына жамап жатыр.
Бұл – Жұмысшы кентіндегі Украинская көшесі. 2017 жылы мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сол уақытта асфальт төсеуге жергілікті бюджеттен 180 млн теңге қаржы бөлінген. Алайда, атқарылған шаруа көпке жетпеді. Араға екі жыл салып “Kaz Fortis” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі учаскеге қайта келіп отыр.
Мердігердің сөзіне сенер болсақ, теп-тегіс жолды ауыр жүк көліктері бұзып тастаған. Теxника Украинская көшесі бойымен жиі қатынайтын көрінеді.
Эдуард Шандер – “Kaz Fortis” ЖШС директоры:
– Кепілдеме мерзіміне сәйкес жұмыстарды 3 күн бұрын бастадық. Жоспарға сай ертең аяқтаймыз деп отыр. Қазір шұңқырларды асфальттаудамыз. Шаруаға 20 адам мен 8 бірлік теxника жұмылдырылған.
Жұмыстардың барлығына 7 млн теңге қарастырылыпты. Бюджеттен емес әрине, шаруаға қаражатты енді мердігердің өзі бөледі. Шұрық-тесік жолдар бүгінде тағы бірнеше көшеде жөнделуде.
Әсем Айтолла – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Бүгінгі таңда бұл жұмыстарға 5 кәсіпорын тартылған. Бүгінгі күнге дейін Ульянов, Кеншінбаев, Жамбыл көшелерінде жолдар қалпына келтірілді.
Сондай-ақ, дәл осындай шаруа 15 аулаішілік жолдарда атқарылатын болады. Айта кету қажет, мердігерлердің кепілдеме уақыты бүгінде 2 жылды құрайды. Қазір өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен бұл мерзімді ұзарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Эльмира Садвокасова