Қоғам

«Әрекет» жобасы жүзеге асырылмақ

«Samruk-Kazyna Trust» қоры биыл екінші рет өтетін «Әрекет» жобасы бойынша гранттар байқауын жариялады. Егер былтыр грант сомасы 500 мың теңгені құраса, ағымдағы жылы ол алты есеге көбейген екен. Осы орайда байқаудың шарттары мен ережелері өзгерген.

Жиынды Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының менеджері Ирина Дүйсенеева ашты. Ол шара қатысушыларына “Әрекет” байқауына қатысудың негізгі ережелері мен шарттарын таныстырып өтті.

Ирина Дүйсенеева – “Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қорының жобалық менеджері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– «Әрекет» жобасының аясында өзінің бизнес-жобаларын қорғау үшін коммерциялық емес ұйымдарға мүмкіндіктер беріліп отыр. Ал, олардың тың дүниелері негізінен әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған болуы керек. Оның өзектілігін өздері қорғап, қоғамға қажет екендігін дәлелдей білулері шарт.

Жалпы байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы тур маусымның 3-ші мен 30-ы аралығында өтпек. Мұнда КЕҰ мүшелері грантқа өтінім береді. Және өз жобаларын таныстырып, қорғайды. Конкурсқа Есіл ауданы мүгедектер қауымдастығының төрағасы Виктор Кривошеев қатысуға ниет танытып отыр. Ол әлеуметтік такси сатып алғысы келеді. Айтуынша, арбаға таңылған адамдарға арнайы жабдықталған автокөлік қажет. Сондықтан байқауда бақ сынап көрмекші.

Виктор Кривошеев – Есіл ауданындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Жаңа автокөлік сатып алуға 1,5 – 2 миллион теңге керек. Ондай сомма жоқ. Біздің ауданымыздың өзінде 1200 мүгедек тұрады. Олардың қатынаулары үшін такси көлігі керек. Сондықтан осы байқауға өтінім бердім. Гранд иегері атансам, ойымды жүзеге асырамын.

Жалпы, Биыл “Samruk-Kazyna Trust” Қоры «Әрекет» жобасы бойынша гранттарға 150 миллион теңге бөлді. Бұл қаржы коммерциялық емес ұйымдарға таратылмақ. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытқысы келетін үздік жобаларға 3 млн теңге беріледі. Өткен жылы бұл сомма жарты миллион теңгені құрады. Ол ақшаны жерлесіміз Сәлімхан Сәбитов жеңіп алып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған еліміздегі алғашқы автокөлік мектебін ашты.

Сәлімхан Сәбитов – “Равная дорога” автомектебінің директоры:

– Биыл жастар жылы. Осы орайда біз үшін көптеген мүмкіндіктер жасалып жатыр. Осы орайда осы жобаны арқасында өз мүмкіндігінді байқап көруге болады.

Айта кетейік, биыл “Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қоры еліміздегі 50 жұмысты қаржыландырмақ.

Ешкенова Дана