Тайынша ауданында Орталық Азиядағы ең ірі ет өңдеу комбинаты іске қосылды. Новоивановка селосының іргесінде орналасқан кәсіпорында жылына 5 мың тонна ет пен 3 мың тонна дайын өнім әзірленбек. Қуатты өндіріс ошағының жұмысы және алға қойған жоспарларымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты. Кейін, өңір жетекшісі диқандармен жүздесіп, жағымды жаңалық жеткізді.
Бұл – Новоивановка селосының маңында орналасқан Тайынша аудандық ет өңдеу комбинаты. Іргелі кәсіпорынның 2009 жылы таспасы қиылды. Бірақ, 2014-те қиындықтарға тап болып, жабылғаны ел есінде. Енді, міне тамырына қайтадан қан жүгіріп отыр. Жергілікті қалталы азаматтар 5 млрд теңгеден аса қаржы бөліп, өндіріс ошағын қайта іске қосқан.
Қанат Атейбеков – “EMC AGRO” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
– 2018 жылға дейін осы комбинат тоқтап тұрған. Біз оны алып қайтадан қалыпқа келтірдік. Бүгіннен бастап өндірісімізді жандандырып жатырмыз. Қондырғыларды Германиядан әкелдік. Енді, болашақта Польшадан әкелеміз.
Кәсіпорын өте қуатты. Ол Орталық Азиядағы ең ірі ет өңдеу комбинаты болып табылады. Мұндағы қызметкерлер 1 тәулік ішінде 400 бас шошқа мен 120 ірі қараны сояды. Осылайша 50 тонна өнім дайындайды. Әзірленген ет шикі күйінде саудаға шығарылады. Сонымен қатар, жартылай және толық дайын азық-түлік ретінде де сатылады. Бүгінгі күні өндіріс ошағында 74 тайыншалық еңбек етіп жатыр. Мамандардың арасында Жанар Сейдахметова есімді азаматша да бар. Бұған дейін нәзікжанды 3 ай бойы жұмыссыз отырыпты. Кешен ашылысымен екі қолына бір күрек тапқан.
Жанар Сейдахметова – “EMC AGRO” ЖШС жұмысшысы, Тайынша ауданы:
– Бізді мында 9-да әкеледі. 6-ға дейін жұмыс істейміз. Қызметіміз өзімізге ұнайды. Жұмыс қиын емес. Жалақымыз жақсы, уақытылы төлейді.
Комбинаттың жұмысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты. Өңір жетекшісіне кәсіпорын жайлы барлық дерек айтылды. Экспорт әлеуеті де баяндалды. Биыл жергілікті өндіріс ошағы Қытайға 2 мың тонна шошқа етін саудаламақшы. Ал келер жылдары Аспан асты еліне сатылатын өнім көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Аймақ басшысы мұны жүзеге асыру үшін Петропавлдың орналасқан жері өте қолайлы екендігін тілге тиек етті.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Транс-Сібір магистралі бойымен өтетін жүктің 70 пайызы Петропавл арқылы діттеген жеріне жеткізіледі. Яғни, Еуропадан Қытайға, Қытайдан Еуропа арасында тасымалданатын біз арқылы болады. Сондықтан, біз өзіміздің географикалық орналасқан жерімізді тиімді пайдалану қажетпіз. Аспан асты елінің нарығына шығу керек.
Айта кетейік, комбинатқа шикізат сырттан емес, өздерінің шошқа кешенінен алынады. Аталған ферма 2018 жылдың мамырында ашылыпты. Кәсіпорында қазір 15 мың бас жануар бағылып жатыр. Олар шетелдерден әкелінген екен.
Александр Фадюшин – “EMC AGRO” ЖШС фермаларын басқарушы, Тайынша ауданы:
– Асыл тұқымды шошқалардың бір бөлігін Германиядан әкелдік. Олардың өнімділігі жоғары. Ферма 50 мың басқа шақталған. Сондықтан, алдағы уақытта жануарлар санын көбейтеміз.
Болашақта жануарлардың санын еселеп көбейту жоспарланып отыр. Биыл “EMC AGRO” серіктестігі заманауи тағы бір шошқа фермасын тұрғызбақ.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 1 айдан кейін дәл осындай ферманың құрылысын бастайын деп отырмыз. Жылдың аяғына дейін 100 мың басқа арналған ферма тұрғызылады.
Ал алдағы 4 жылда іске 12 млрд теңге қаржы бағытталып, шошқа фермасы 200 мың басқа дейін кеңейтіледі. Тайынша аудандық ет өңдеу комбинатынан соң, өңір жетекшісі Степноишимская тәжірибе станциясының егістік алқабында болды. Мұнда жергілікті диқандар көктемгі дала жұмыстарын баяндады. Әңгіме барысында Құмар Ақсақалов шаруаларға өте жағымды жаңалық жеткізді.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Биылдан бастап немістік “Класс” компаниясының өкілдері Петропавлда өздерінің комбайндарын, тракторлары мен дән себу кешендерін құрастыратын болады. Осының арқасында шетелдік техника бағасы 52 процентке төмендейді. Бұл бәріміз үшін жақсы жаңалық болып отыр. Қазір шетелдік мамандардың нысаны тұрғызылатын жер іздестіріп жатырмыз.
Сөз соңында өңір жетекшісі “Класс” компаниясының өкілдері биыл 100 комбайн құрастыратынын, ал келешекте олардың саны бірнеше есеге артатындығын айтты.
Байболат Култанов