Мамырдың 19-ы күні Петропавлда тағы да өрт оқиғасы орын алды. Бұл жолы Хименко көшесінде орналасқан көпқабатты 5-ші үйден от шықты.
Төтенше жағдай туралы хабар өрт сөндірушілерге күндізгі сағат 13:09-да түседі. Мамандар оқиға орнына 6 минуттың ішінде жеткен. Осылайша 3-ші қабаттағы пәтерлердің бірі жанып жатқандығын анықтап, қызыл жалынды ауыздықтауға кіріседі. Жедел әрекет етудің арқасында қызметкерлер баспанадан 89 жастағы қартты құтқарады. Ол қазір дәрігерлердің қарауында. Тағы, түтін басқан 5-ші қабаттан нәзікжандыны құтқарып, 18 тұрғынды эвакуациялайды. Және 27 литрлік газ баллонын сыртқа шығарады. Ал тілсіз жауды 1-ден 42 минут кеткенде толығымен сөндіреді. От 8 шаршы метр жерге залалын тигізген. Өрт тұрмыстық техника сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан тұтанды деген болжам бар. Бүгінгі күні шығын көлемі есептеліп жатыр.
Байболат Култанов