Мәдениет

Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі әдеби кеш өткізді

Жыр жазғанды жаны сүйетін жеткіншектер бүгін жұртшылық алдына шықты. Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебі кезекті есеп беру концертін өткізді. Қазір мұнда 40-қа жуық дарынды жас тәлім алуда. Кеште олардың әрқайсысы сахнаға шығып, түрлі туындыларды көрермен назарына ұсынды.

Көгілдір көктем жайлы бұл жыр жолдарын оқушы жазды дегенге сену қиын, әрине. Әр шумағынан сөз бен ой тереңдігі байқалады. Бұл жеткіншектер – жас ақындар мектебінің тәрбиеленушілері. Мұнда өлең жазуға машықтанып жүргендердің бірі – 15 жасар Ермек Жумин. Ол негізінен лирикалық бағытта қалам тербейді екен. Жүрекжарды шумақтарымды жұртшылық алдында оқу – мен үшін мәртебе дейді ол.

Ермек Жумин – Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің тәрбиеленушісі:

– Әкем өлең жазған, қазір жазбайды. Содан, ата-бабаларымнан дарыған қасиет. 11 жасымнан бастап өлең шығара бастадым. Ең бірінші өлеңім “Ана” деп аталады. Жұмасына бізде 3 рет сабақ болады, ағайлар үйретеді. Мектеппен бірге алып жүру қиын емес. Кәдімгі сабақ секілді бізге үй жұмыстарын береді, жаттап келгендерімізді айтамыз, жаңа тақырыптар береді және айтысқа баулиды.

Бұл – Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің екінші есеп беру концерті. Әдеби кеште тәрбиеленушілер өздері жазған өлеңдерін оқыды, тағы Мағжан, Мұқағали сынды жыр алыптарының туындыларын жатқа айтты. Жас айтыскер ақындар болса суырып салмалық дарындарын паш етті.

Жарқын Жұпархан – Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жетекшісі:

– Айтыскерлік, жазба ақындық, көркемсөз оқу, шешендік өнер және мақамға баулу – осы 5 бағыт бойынша балалар тәлім алып жатыр. Осы 1 жылдың ішінде біздің ақын балаларымыз 15-тен астам жүлделі орынға ие болды. Орыс мектептерінен, қазақ мектептерінен балалар хабарласып жатыр. Ақын болсақ деп, өлең жазсақ деп, мәнерлеп оқысақ деп хабарласып жатқан ұстаздар да бар.

Ақындар мектебі осымен екінші жыл жұмыс жасауда. Былтыр оларға Оқушылар сарайынан бөлек сынып бөлініпті. Мектептен тыс уақытта балалар осында келіп, шабыттарын шыңдайды. Бүгінде мұнда 40 шақты жас ақын тәлім алуда.

Саят Ермек