Денсаулық сақтау

Елордалық кардиологтар жергілікті мамандарға арнап семинар өткізді

Әлемдегі халықтың саны 7 млрд-тан асатын болса, оның 40 млн-ы жүрек жетіспеушілігімен ауырады екен. Мамандар алдағы 20 жылда мұндай науқастардың саны екі есеге артады деп болжап отыр. Сондықтан, жүрек-қан тамыр ауруларын уақытылы анықтап, емдеуге баса назар аударған жөн.

Осы бағыттағы білімдерімен бөлісу үшін бүгін Петропавлға Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандары келді. Елордалық ақ халаттылар жергілікті кардиологтар мен жалпы тәжірибе дәрігерлеріне арнап шеберлік сағаттары мен семинарлар легін өткізді. Мәселен, ұлттық орталықтың басқарма төрағасының бірінші орынбасары Махаббат Бекбосынова жүрек дерттерін ертеден анықтап, дұрыс диагноз қою тәсілдерімен бөлісті. Оның сөзінше, жүрек-қан тамырлары аурулары жайлы ақпараттың 90 процентін дәрігер пациентке дұрыс сұрақтар қойып, сапалы тексеру арқылы анықтай алады. Яғни, дерттің белгілерін бірінші қабылдаудан ақ байқауға болады. Сондай-ақ, тәуекел тобына кіретін азаматтарды есепке алу да маңызды.

Махаббат Бекбосынова – «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Жүрек жетіспеушілігін ерте анықтамаған жағдайда пациенттің аяқтары ісіп, демігеді. Бұл жағдайда жүрек трансплантациясын жасаудан басқа амал жоқ. Ал бұл – өте қымбат операция. Кем дегенде 20 млн теңге қажет. Мұндай жағдайлардың санын азайту үшін сіздерге, дәрігерлерге ауруды ерте бастан анықтау қажет. Науқастардың 95%-ында жүрек жетіспеушілігінің бастапқы немесе екінші кезеңі тіркелген. Олардың барлығын тіркеуге алар болсақ, онда осы дерттен қайтыс болу жағдайларын біршама азайтуға болады.

Саят Ермек