Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары – тікелей эфирде

Көлік құралдарын тіркеуге қою, жүргізуші куәлігін алу және әкімшілік айыппұлдарды төлеу. Осы және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарды енді теріскейлік полицейлерге тікелей эфирде жолдауға болады.

WhatsApp-тағы қауырт желіге бірнеше сағат ішінде 20-дан астам сауал келіп түскен екен. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары Instagram мен Facebook-те тікелей эфир жүргізеді. Мұнда да құқық қорғау саласының мамандарына 60-тан астам сұрақ қойылыпты. Бұдан бөлек, Департаменттің ресми сайтында интернет-конференция ұйымдастырылған. Полицейлердің сөзінше, мұндай жұмысты олар алдағы уақытта да жиірек өткізбек.

Жасұлан Оспанов – СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

– Бүгін халықпен жұмыс жасаудың жаңа форматына көштік. Азаматтар әлеуметтік желілерде тікелей эфирде және WhatsApp тікелей желісінде қызықтырған сұрақтарын қойды. Әкімшілік полиция басқармасы жұмысына қатысты 30-ға жуық сұрақ келіп түсті. Онлайн режимінде келіп түскен сауалдарға сауатты және толық, нақты жауаптар берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Эльмира Садвокасова