Наурызды тойлауға келгендер цирк әртістерінің өнерін тамашалап, спорттық ойындарда бақтарын сынай алды. Ал көпшілік көрмеге қойылған ағаш, тері, киізден жасалған қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сатып алып жатты.
Орталық алаңға жиылған тұрғындар бұл күні концерт көріп қана қоймай, тағы ташкенттік циркшілердің өнеріне тәнті болды. Олар 5 метр биіктікте орналасқан арқан жолымен жүріп, жолшыбай би билеп, түрлі кедергілерден өтіп, жұртшылықты таңқалдырды.
Ағайынды Аброр мен Мырзахед Маратовтар Ташкенттегі цирк колледжінде оқиды екен. Өнерлі отбасыдан шыққан олар алғашында өмірлерін циркпен байланыстыруды ойламаған. Кейін бұл іс ұнап, қазір түрлі елдерге шығып өнер көрсетеді екен. Цирк әртісі арқан жолымен жүру үшін ең алдымен қорқынышты жеңе білу керек дейді.
Аброр Маратов – цирк әртісі, Ташкент қаласы, ӨР:
– Қорқу керек емес. Қорқатын адам циркке бармауы тиіс. Оқудын оқыса қиын емес. Репетиция жасау керек.
Бұл күні орталық алаңға келген тұрғындар мұнда орналасқан мүсіндермен де суретке түсуге мүмкіндік алды. Онда шағын ғана қазақ ауылының көрінісі көрсетілген.
Мағжан Ахмадина – тілші:
– Ал мына қаз-қатар тізілген шатырларда өңіріміз бен көршілес Ресейден келген қолөнершілер өз бұйымдарын саудалауда. Омбылық Наталья Дочинец көрмеге әдейілеп теріден жасалған белдік, сөмке, әмияндарды әкеліпті. Нәзікжанды солтүстікқазақтандықтар арасында, әсіресе мынадай білезіктер сұранысқа ие дейді. Алайда, көпшілік мұндай заттардың сонау 14-ғасырда орыс халқының ұлттық киімдерінің элементі болғандығын біле бермейтін көрінеді.
Сондықтан, Наталья ДочИнец сатып алушыларға бұйымдарының пайдасы және маңызы жайлы айтып отырады. Жалпы, қолөнер шебері Петропавлға 200-ден астам зат әкеліпті.
Наталья Дочинец – қолөнер шебері, Омбы қаласы, РФ:
– Теріден жасалған бұйымдар «пирография» әдісі бойынша әзірленген. Жалпы, бұл материалмен жұмыс істеу оңай емес. Дұрыс илеп, ыспасаң жыртылып кетуі мүмкін. Сондықтан, кез келген ою-өрнек не түйме тағу үшін тесік жасағанда абай болған жөн. Бұнымен мен бала кезімнен айналысамын. Бірақ, соңғы 5 жылда іске қызу кірісіп, сатуды қолға алдым.
Омбыдан ат терлетіп келгендердің тағы бірі – Артықбай Смағұлов. Олар үшін 10 жыл бұрын отбасылық хобби осылай табыс көзіне айналған.
Артықбай Смағұлов – қолөнер шебері, Омбы қаласы, РФ:
– Кәдесыйлар, тақиялар тігеміз. Қазақтардың дәстүрлерін сақтап, жастарға көрсету үшін. Мынадай кішкентай қуыршақтар тігеміз. Балалар өз дәстүрлерін ұмытпау үшін. Сұранысқа ие. Қазақстар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де алады.
Көрмеде бұдан өзге киізден жасалған түрлі қолғап, бас киімдерді де кездестуріге болады. Ал ағаш пен түрлі бағалы тастардан жасалған әшекей бұйымдары тіптен көздің жауын алады. Бұл жерде қазақи оюлармен көмкерілген көрпе, жастықтарды да көптеп кездестіруге болады. Жалпы, орталық алаңға келген жандар бұл күні біраз көңіл көтеріп, мерекеде жақсылап демалып қайтты.
– Наурыздарың құтты болсын. Ақ мол болсын. Жаңа келген Президентіміз де қайырлы болсын. Халыққа мол қызмет жасасын. Биыл жастар жылы, жастар бақытты болсын.
– Наурыз құтты болсын. Жылда осылай мерекелеуге жассын.
Тағы бұл күні алаңға келгендер спорттық сайыстарда да бағын сынай алды. Мықтылар гір мен қой көтеруден сынға түссе, тағы бірқатары арқан тартып, боз кілемде күресті. Ал мергендер асық атып ептілігін көрсетуде.
Магжан Ахмадина