Ұлт көшбасшысы өз Жолдауында 2020 жылы / көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің / кемінде 90 пайызын сандық форматқа көшіруді міндеттеді. Президенттің бұл тапсырмасы өңірде сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде теріскейлік студенттер елімізде алғаш болып жаппай электронды-цифрлық қолтаңба алуда.
Бұл залға Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің 1-курс студенттері жиылған. Оларға “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының жергілікті өкілдері электронды-цифрлық қолтаңбаны алу жолдарын түсіндіріп жатыр.
Жастар электронды-цифрлық қолтаңбаны халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ осы жерден алып көрмек. Ол үшін ұл-қыздар Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығының сайтына өтініш жазуы керек немесе еgov порталына кіруі тиіс. Сонда арнайы бағандарды толтыру арқылы, керек дүниеге қол жеткізуге болады. Негізі, мұндай шара Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінде ғана өтпейді. Алдағы уақытта өңірдің басқа да білім ошақтарын қамту көзделіп отыр.
Индира Баженова – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Ақпан айында 17 мың студентке электронды-цифрлық қолтаңба таратылады. Олардың барлығы – өңіріміздің колледждері мен Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-да оқитын жастар. 2018 жылы өзгерістер енгізілді. Енді, электронды-цифрлық қолтаңба 3 жылға беріледі.
Жалпы, электронды-цифрлық қолтаңбасы бар жастың мүмкіндігі зор. Ол заман игілігін пайдалану арқылы көптеген ісін оңай тындыратын болады.
Тәуекел Ахметжан – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті:
– Сандық қолтаңбаның біздерге берері мол. Оның көмегімен үйімізде отырып-ақ өзімізге қажетті құжаттарды ала аламыз. Мысалы, мекенжай анықтамасын, адамның сотталмағандығы туралы анықтаманы бірден алуға болады. Бұл біріншіден, уақытты үнемдейді. Екіншіден, басқа мекемеге барып, ақшамызды шығындамаймыз.
Айта кетейік, былтыр облыста 150 мыңнан астам электронды-санды қолтаңба беріліпті.
Култанов Байболат